Коммуналдық қызметтер үшін қазақстандықтардың қарызы 15 млрд теңгеден асты. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда 600 млн теңгеге өсім байқалады.
Ең көп коммуналдық ұйымдарға Шымкент қаласының тұрғындары – 3 млрд теңге, Нұр-Сұлтан – 2,9 млрд теңге және Алматы – 2,5 млрд теңге қарыз. Тізімге Қызылорда облысы – 1,2 млрд теңге, Маңғыстау облысы –1 млрд теңге кірді.
Өз кезегінде энергетика министрі Нұрлан Ноғаев "ҚазТрансГаз-Аймақ" алдындағы қарыздар туралы айтты – 667 млн теңге (өткен жылы 7,4 млрд теңге).
"Сондай-ақ, "Богатырь – Көмір" алдында 1 млрд теңгеге қарыз бар", - деп атап өтті ол.
Министр қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді, өйткені бұл энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жөндеу жұмыстарын уақтылы орындауына теріс әсерін тигізеді.
"Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтер үшін берешекті өтеу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жандандыруы қажет", – деп түйіндеді Ноғаев.
Бұған дейін қазақстандықтардың 2021 жылы коммуналдық қызметтер үшін қанша төлейтіні хабарланған болатын.
Сондай-ақ, қазақстандықтардың банктер алдындағы қарыздары қысқаратыны белгілі болып, 2 млн-ға жуық қазақстандық несиесіз өмір сүретіні туралы ақпарат жарияланды.