Алматыда автотұрақ тарифтері өзгереді, деп хабарлайды LS.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, 4 қазаннан бастап автотұрақ тарифі көлік қозғалысының қарқындылығы мен тұрақ орындарына сұраныс деңгейіне қарай белгіленеді.
Атап айтқанда, сұранысы төмен автотұрақтарда тариф өзгермей, сағатына 100 теңге болып қалады. Ал орташа жүктемедегі тұрақтарда ақы сағатына 150 теңгені құрайды.
Ал тұрақ орындары тапшы, сұраныс жоғары әрі көлік қозғалысы қарқынды аймақтарда тұрақ ақысы сағатына 200 теңгеге дейін көтеріледі.
Әкімдік мәліметінше, іргелес үйлердің тұрғындары автотұрақтарды бұрынғыдай тегін пайдалана алады. Ол үшін үй маңындағы тұрақтардың біріне бір көлікке арнайы рұқсат рәсімдеу қажет.
Сонымен қатар, жекелеген санаттағы пайдаланушыларға берілетін жеңілдіктер сақталады.
Айта кетейік, Алматыда сағатына 100 теңге болатын қолданыстағы тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ.
Бұдан бөлек, 4 қазаннан бастап коммуналдық арнайы тұрақтарда көлікті эвакуациялау және сақтау ақылы болады.
Эвакуациялау құны- 3 АЕК, яғни 12 975 теңге.
Жеңіл көлікті арнайы тұрақта сақтау құны:
- алғашқы тәулікке- 2,5 АЕК, яғни 10 812,5 теңге;
- әр кейінгі тәулікке- 5 АЕК, яғни 21 625 теңге.
Бұл талап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұсталған және арнайы тұраққа эвакуацияланған көлік құралдарына қатысты.
Бұған дейін Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев бірыңғай тарифтің тұрақ орындарының тиімді пайдаланылуына кедергі келтіріп отырғанын айтқан. Әсіресе, бұл мәселе қала орталығында байқалады.
Оның айтуынша, осының салдарынан жүргізушілер бос тұрақ табу үшін көп уақыт жұмсайды. Бұл көлік қозғалысының артуына және жолдарға түсетін жүктеменің көбеюіне әкеледі.
Қазір қалада 17 мың тұрақ орны бар. Жыл соңына дейін олардың санын 25 мыңға дейін көбейту жоспарланып отыр.
Бұған дейін, LS редакциясы Медеу ауданындағы тұрақ ақысы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің араласуынан кейін өзгергенін хабарлаған болатын.









