Қонаевта шетелдік серіктестердің қатысуымен ірі академқалашық салу көзделіп отыр. Бұл туралы LS-ке Алматы облысы әкімдігінде мәлімдеді.
Әкімдіктің хабарлауынша, жаңа кешен жыл сайын 30 мыңға дейін студентті қабылдай алады. Оның аумағында оқу корпустары, зертханалар, ғылыми орталықтар, технопарктер, жатақханалар, қонақ үйлер және білім беру мен әлеуметтік инфрақұрылымға қажетті өзге де нысандар салынбақ.
"Жобаның негізгі мақсаты – халықаралық деңгейде жұмыс істейтін заманауи орталық құру. Ол шетелдік серіктестердің қатысуымен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда", – делінген әкімдік хабарламасында.
Қала бас жоспарына сәйкес, кампус құрылысына 200 гектар жер қарастырылған.
"Аталған аумақтың 100 гектары қазірдің өзінде Kazind Medical Group-қа медициналық бағыттағы университет құрылысына бөлінді", – делінген жауапта.
Қазіргі таңда инженерлік ізденістер жүргізіліп, жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Сонымен қатар дайындық-құрылыс жұмыстары да қолға алынған. Ал қалған 100 гектар жер Qonaev Academic Campus қорының қарамағында болып, әзірге резервке қойылған.
"Аталған аумаққа байланысты Қытайдың Qingdao Shangheshi Oil Energy Co., Ltd компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр", – деп бөлісті әкімдік өкілдері.
Сонымен бірге алдын ала жоба аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мастер-жоспар, техникалық-экономикалық негіздеме мен сәулеттік-жоспарлау шешімдері әзірленіп жатыр. Бұған қоса, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралуда.
Бұған дейін, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академқалашық құрылысы екі-үш жылға созылуы мүмкін екенін айтқан. Дегенмен нақты мерзім инфрақұрылымның салыну қарқынына байланысты болмақ. Яғни кәріз-тазарту кешендері, көлік инфрақұрылымы, жылу электр орталығы, сорғы станциялары, жолдар мен су құбыры сияқты нысандардың құрылысы ескеріледі. Министрдің сөзінше, жоба үшін шамамен 120 гектар жер бөлінген.