Қазақстанда автомектептерді бақылау күшейеді

сегодня

Қазақстанда автомектептерге автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды LS.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, автомектептерді бақылауды күшейту үшін бірқатар автоматтандырылған тексеру тетігін енгізу қажет. Атап айтқанда, оқу көліктерінің техникалық жай- күйін бақылау, оларды иелену немесе жалға алу құжаттарын тексеру, нұсқаушылардың біліктілігін бағалау және білім алушылар санының автомектептің нақты мүмкіндіктеріне сәйкестігін анықтау көзделіп отыр.

"Егер автомектептерден заңбұзушылықтар анықталса, олар кемшіліктерін толық түзеткенге дейін жаңа оқушыларды қабылдай алмауы мүмкін. Қазір бұл шараны заң жүзінде бекіту мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазіргі уақытта елімізде 43,7 мың адам практикалық жүргізу емтиханын тапсыру үшін кезекте тұр. Ал жыл басынан бері 474,8 мың адам емтихан тапсырған. Кезекті азайтып, көбірек адамға емтихан тапсыруға мүмкіндік беру үшін Қазақстан бойынша қосымша 86 емтихан алаңы ашылды",- деді министр депутаттың сауалына берген жауабында.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың қазан айында Алматы мен Қарағанды қалаларында жаңа автодромдар ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, Жезқазған, Көкшетау және Тараз қалаларында, сондай- ақ, Жамбыл облысы мен Қордай ауданында қосымша автодромдардың құрылысы аяқталуға жақын.

"Сонымен қатар теориялық емтиханды үйден шықпай-ақ, онлайн тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ол үшін жасанды интеллект пен емтихан тапсырушыны бақылауға арналған арнайы технологиялар қолданылмақ. Бұл арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайтуға көмектеседі. Егер бұл жүйе іске қосылса, азаматтар емтиханды өзіне ыңғайлы уақытта тапсыра алады. Сондай- ақ, емтиханға жазылу кезінде барлығына бірдей мүмкіндік беріліп, бос орындар әділ бөлінеді. Бұл делдалдар арқылы кезексіз немесе ертерек жазылу сияқты мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді",- деп түсіндірді министр.

Қазір емтиханға жазылу "ЦОН" мобильді қосымшасы арқылы онлайн жүзеге асырылады. Бұл қызметтің қолжетімділігін кеңейту мақсатында оны eGov және eGov Mobile платформаларында іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Министр 2027 жылғы қаңтардан бастап автомектептердің қызметі хабарлама беру тәртібінен рұқсат алу тәртібіне ауысатынын еске салды. Бұл талапқа сәйкес, оқу орындары материалдық-техникалық базаға қойылатын талаптарды орындап, тиісті тізілімге енгізілуі қажет.

"Емтихан қабылдау процесіне жеке автодромдарды тарту мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Ол үшін бірыңғай техникалық талаптарды, қауіпсіздік шараларын, емтихан өткізу тәртібін, бейнебақылау жүйесін және нәтижелерді мемлекеттік цифрлық жүйеде тіркеу тетіктерін пысықтау қажет. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қаралуы мүмкін",- деп түйіндеді Ж. Мәдиев.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.