1998-2011 жылдары арнайы салық режимі бойынша жұмыс істеген кәсіпкерлердің еңбек өтілі толық есептелмей, соның салдарынан зейнетақы төлемдері төмен тағайындалып жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Серік Ерубаев мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
С. Ерубаевтың сөзінше, аталған жылдары жеке кәсіпкерлер заңнамаға сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын тоқсан сайын төлеген.
"Қазіргі есептеу тәртібіне сәйкес еңбек өтілі ай сайынғы төлемдер негізінде анықталады. Сондықтан тоқсан сайын аударылған жарналар толық көлемде есепке алынбай, азаматтардың зейнетақы төлемдері төмендеуі мүмкін", – деді депутат.
С. Ерубаев мысал ретінде 30 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтың жағдайын атады. Оның сөзінше, кәсіпкер барлық міндетті төлемдерді заң талаптарына сай әрі уақытында төлеп отырған.
"Бірақ қазіргі жүйе бойынша оның 30 жылдық еңбек өтілінің тек 14 жылы ғана есепке алынып, нәтижесінде алатын зейнетақысы айтарлықтай қысқарған", – деді С. Ерубаев.
Депутаттың айтуынша, мұндай мәселемен мыңдаған кәсіпкер бетпе-бет келіп отыр.
"Қазір зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін көтеру мәселесі күн тәртібінде тұрған кезде мұндай кемшіліктер кәсіпкерлердің ертеңгі зейнетақысына деген сеніміне кері әсер етеді", – деді ол.
Депутат мәселенің түп-төркіні кәсіпкерлердің әрекетінде емес, әр кезеңдегі зейнетақы жарналарын есептеу тәсілдерінің сәйкес келмеуінде екенін атап өтті.
С. Ерубаевтың сөзінше, мемлекеттік жүйедегі өзгерістердің салдарынан кәсіпкерлердің зейнетақы құқықтары шектелмеуі тиіс.










