Қазақстанда алдағы екі жылда "Баспана Хит" және "7-20-25" бағдарламаларын қаржыландыруды аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды LS.
Бұл туралы CFO Summit 2021-де сөйлеген сөзінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова хабарлады.
"Бүгінде дағдарыстың экономикаға ықпалынының төмендеуіне байланысты, нарықтық қағидаттарға жол бере отырып, мемлекеттің несие беру бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясат жөніндегі шараларды үйлестіру туралы қол қойылған келісім шеңберінде Ұлттық банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделген. Жеңілдетілген несие беру, "Қарапайым заттар экономикасы", "Баспана Хит" бағдарламаларын қаржыландыру 2021 жылы, ал 2022 жылы "7-20-25" бағдарламасы аяқталады деп жоспарлануда", - деді ол өз сөзінде.
Үкімет өз кезегінде тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік тәуекелдеріне кепілдік беруге көшу мүмкіндіктерін қарастырмақ.
CFO Summit – бұл жыл сайын 500-ден астам қатысушыларды, оның ішінде отандық компаниялар мен халықаралық корпорациялардың топ-менеджерлерін, үкімет мүшелерін, саясаткерлерді, мемлекеттік мекемелер мен реттеушілер өкілдерін, тәуелсіз сарапшылар мен БАҚ-ты жинайтын кәсіби алаң.