Ескі автокөліктерге салынатын салықтың төмендеуі елдегі экологияның нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы LS-ке салалық ведомство хабарлады.
Мәжіліске қарауға енгізілген Салық кодексі жобасында жеңіл автокөліктерге пайдалану мерзіміне қарай дифференциалды коэффициент енгізу ұсынылады. Жобаға сәйкес, пайдаланылғанына 10-20 жыл болған көліктер үшін коэффициент 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 0,5 болады.
Осылайша, бірдей қозғалтқыш көлеміне ие жеңіл автокөліктер үшін өндірілген жылына байланысты салық есептегенде түзету коэффициенттері қолданылатын болады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі LS-тің ресми сұрауына жауап бере отырып, мұндай шара елдегі экологиялық жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Бұл түзету жеке және заңды тұлғаларды экологиялық таза көліктерді сатып алуға ынталандырмайды және атмосфераға зиянды шығарындылардың азаюына әсер етпейді», - деп түсіндірді ведомствода.
Өз кезегінде ұлттық экономика министрлігі көлік құралдарының жасы бойынша ұсынылған тәсіл елдегі автопарктің ескіруіне әсер етпейтінін атап өтті.
«Көлік иелері бірнеше жылдан бері жеңіл автокөліктерге салынатын салықты қайта қарау қажеттігін көтеріп келеді. Олар салық жүйесін әділ ету үшін оны автомобильдің пайдалану мерзімі мен құнына байланысты есептеуді ұсынып отыр», - деп түсіндірді министрлікте.
Осы төлемнен бөлек, коэффициенттерді қайта қарау ұсынылып отырған салықтан басқа, ведомствоның мәліметінше, Қазақстанға автокөлік әкелген кезде кедендік баж, ҚҚС, акциздер, утилизациялық төлем, есепке қою кезіндегі алғашқы тіркеу алымы төленеді. Олардың сомасы көлік құралының шығарылған жылына байланысты болады.
Сонымен қатар, көліктер техникалық регламентке сәйкес болуы керек.
Сондай-ақ, қозғалтқыш көлеміне байланысты көлік құралдарына салынатын салық мөлшерін есептеу тәртібі сақталады. Бұл «қоршаған ортаны қаншалықты көп ластасаң, соншалықты көп төлейсің» қағидатына сәйкес келеді.
Егер қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрге дейін болса, көлік салығы 1-ден 9 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) аралығында белгіленеді, яғни 2025 жылы 3 932-ден 35,4 мың теңгеге дейін. 3 мың – 4 мың текше см аралығында – 15 АЕК немесе 59 мың теңге, ал 4 мың текше см-ден асқан жағдайда салық мөлшері 117 АЕК-ті құрап, 460 мың теңгеге жетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін, салалық сарапшы Артур Мискарян LS редакциясына берген болжамында елдегі импорттық автокөліктердің қымбаттауы мүмкін екенін айтқан болатын.