Түркістан облысында кедейшілік деңгейі өсіп жатыр, деп хабарлайды LS.
2025 жылдың I тоқсанында Қазақстанда 920 мыңнан астам адам күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүрген (52,5 мың теңгеден аз). Бұл ел халқының 4,5%-ын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кедейлер саны 0,4%-ға қысқарған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кедейшілік деңгейі қалаларда артқан- 435,1 мың адамға жетсе (+2,2%), ауылдық жерлерде керісінше азайған- 489,2 мың адамға дейін төмендеген (-2,6%).
Ең жоғары кедейшілік деңгейі Түркістан облысында байқалды- өңірде 175,3 мың адам немесе халықтың 8,1%-ы күнкөріс минимумынан төмен табыспен өмір сүруде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артқан.
Кедейшілік деңгейі бойынша келесі орындарда- Абай облысы: мұнда 43,7 мың адам немесе халықтың 7,3%-ы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр (+3,1%). Жетісу облысында бұл көрсеткіш 6,9% немесе 48 мың адамды құрайды, алайда бұл өткен жылға қарағанда 2,8%-ға аз.
Керісінше, ең төменгі кедейшілік деңгейі Астанада тіркелген- бар болғаны 2,1% немесе 33 мың адам. Сонымен қатар, елордада кедейлер саны жылдан жылға азайып келеді (-4,9%).
Қарағанды облысында кедейшілік деңгейі 2,6%-ды құрап отыр- бұл шамамен 29,3 мың адам. Бір жыл ішінде көрсеткіш 5,4%-ға өскен. Атырау облысында да өсім байқалады: мұнда табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 23,3 мыңға жетіп, 3,3%-ды құрады (+29,4%).
Сондай-ақ, ведомство табысы күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтардың көбіне қандай отбасыларда тұратынын да зерттеген. Белгілі болғандай, 924 мың кедей адамның негізгі бөлігі- 788,1 мыңы- бес не одан да көп адамнан тұратын көпбалалы отбасыларда өмір сүреді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл төмендеген- 1%-ға.
Төрт адамнан құралған отбасыларда- 86,5 мың адам (+13,6%), үш адамнан тұратын отбасыларда- 40,4 мың (+2,5%), екі адамнан- 7 мың (-2,1 есе), ал жалғыз тұратын кедей азаматтар саны 2,4 мыңға жетіп, бір жыл ішінде 1,7 есе артқан.
Бұған қоса, елімізде ай сайынғы табысы 28,9 мың теңгеден де аз, яғни азық-түлік себетінің өзін қамтымайтын кіріспен өмір сүретін 16,5 мың адам бар. Олардың саны бір жылда 7,7%-ға көбейген.