Алматыда ескі үйлерді сүру және жаңа тұрғын үй салу үшін 700 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл туралы Алматы қаласы капиталды құрылыс кәсіпорнының (ПКС) реновация департаментінің директоры Рустам Шаинов мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, мегаполисте қатты тозған және апатты деп танылған 1 400-ден астам үй бар. Олардың басым бөлігі – Түрксіб ауданында орналасқан. Бұл ауданда 582 үй сүрілуі тиіс.
Жалпы, 2030 жылға дейін Алматыда 600-ден астам үйді сүріп, орнына 7,5 мың пәтер салу жоспарланып отыр.
Шаиновтың сөзінше, қазірдің өзінде 700 млрд теңгеден астам қаржы тартылған. Бұл қаражат 400-ден астам тозығы жеткен нысанды жаңартуға мүмкіндік береді.
"Реновация бағдарламасы аясында тұрғындардың құқықтарын қорғау қағидалары қарастырылған – "бөлме бөлмеге" қағидасы. Яғни, меншік иесі бір бөлмелі, тіпті 25 шаршы метр ғана пәтерге ие болса да, кемінде 33 шаршы метрлік жаңа, тең пәтер алады. Қосымша төлем талап етілмейді", – деді Р. Шаинов.
Ал Түрксіб ауданының әкімі Бахытжан Ақжаров журналистерге ескі үйлердің сүрілу және жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан аумақты көрсетті. Бұл жерде 56 пәтерден тұратын бес үй сүріледі (қазірге дейін екеуі қалған). Олардың орнына 249 пәтерлік сегіз үй салынады. Жалпы аумағы – 14,5 мың шаршы метр, жоба құны – 6,5 млрд теңге.
Әкімнің айтуынша, аудан бойынша 2030 жылға дейін 126 апатты үйді сүру және олардың орнына 181 үй салып, 5,6 мың пәтер беру жоспарланған. Алайда жоба табысты жүзеге асуы үшін инвесторлар тұрғындармен келісімге келуі керек.
"Егер меншік иелері қандай да бір себеппен келіспесе, құрылыс компаниясы үйді сүруге құқылы емес. Мысалы, кейде пәтер иесі қайтыс болады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқыққа тек алты айдан кейін ғана қол жеткізіледі. Яғни, бүкіл үй босатылған күннің өзінде, мұрагерлер құжаттарын рәсімдемейінше, үйді сүруге болмайды. Мұндай мәселелер көп және олар мерзімді ұзартуға себеп болады. Бұл – үлкен проблема", – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, Бахытжан Ақжаров құрылыс аймағындағы инженерлік және жол инфрақұрылымының да қалай салынатынын көрсетті. Су және кәріз жүйесі бойынша алты жоба аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Төрт жоба бойынша жалпы сома – 9 млрд теңгеге жуық.
Сондай-ақ, әкім "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасына тоқталды. Биыл оның аясында 32 жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңге бөлінген. Атап айтқанда, жеті сквер, алты жаяу жүргіншілер аймағы, алты аула, алты автосуару жүйесі, үш балалар және спорт алаңы, төрт жарықтандыру жобасы іске асуда.
Сонымен қатар, "Алматы-1" вокзалының алдындағы серуен аймағы да жаңартылуда. Жұмыстарды тамыз айында аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 173,3 млн теңге. Соның ішінде Сейфуллин даңғылына – 82,3 млн теңге, Кунгурская көшесіне – 91,4 млн теңге бөлінеді.
"Кейбір тұрғындар брусчатканың қайта төселуін сынға алып жатады. Алайда айтарым- біз тек тозған бөліктерді ғана ауыстырамыз, ал жақсы сақталған орындықтар мен бордюрлар сол күйінде қалады", – деп түйіндеді Б. Ақжаров.
Бұған дейін, LS редакциясы Жетісу ауданында 100-ден астам ескі үйге қатысты мәселені шешу жоспарланып жатқанын хабарлаған болатын.