Қазақстанда мұнай өндірудің төрттен бір бөлігі тиесілі кен орындарының қоры сарқылу үстінде. Бұл туралы LS-ке Энергетика министрлігінде мәлім етті.
Энергетика министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, еліміздегі мұнай өндірісінің 25%-ы пайдаланудың соңғы сатысындағы (үшінші және төртінші кезеңдер) кен орындарынан алынуда. Бұл учаскелерде мұнай өндіру көлемі жыл сайын табиғи сарқылу салдарынан 7-8%-ға азайып келеді.
Бұл мәселе негізінен Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының жер қойнауында байқалады.
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, оны шешу үшін бірқатар геологиялық-техникалық шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қабат қысымын тұрақтандыру және өткізгіштігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде мұнай өндіру көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта қабаттың өткізгіштігін арттыру үшін қабатты гидрожару, тау жыныстарында жарықтар жасау және қабатқа арнайы сұйықтық айдау сияқты әдістер қолданылуда. Бұл тәсілдер мұнайды жер қойнауынан тиімдірек өндіруге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде мұнай өндіру көлемі 96,2 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 9,7%-ға жоғары.
Атап айтқанда, Атырау облысында 57,4 млн тонна (+9,1% 2024 жылмен салыстырғанда), Маңғыстау облысында – 17,8 млн тонна (+7,2%), Батыс Қазақстан облысында – 12,9 млн тонна (+4,9%) мұнай өндіріледі деп күтілуде. Ал Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 4,7 млн тоннаны құрап, 2,1%-ға төмендейді деп болжануда.
Қызылорда облысында биыл өндіріс көлемі 2,9%-ға артып, 3,5 млн тоннаға жетпек.
Өткен жылы елде барлығы 87,7 млн тонна мұнай өндірілген еді.