Келесі жылдан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін өседі. "Astana Motors" компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев LS-ке бұл өзгеріс автокөліктер бағасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
Спикердің сөзінше, бұл салықтың өсуі Қазақстанда шығарылатын автокөліктерге әсер етпейді. Себебі, отандық автозаводтар ҚҚС төлеуден босатылған.
"Баға тек импорттық автокөліктерде өседі. ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілетіндіктен, баға шамамен 4%-ға қымбаттайды", – деді Б. Несіпбаев.
Бас директордың айтуынша, қазіргі кезде отандық автокөліктердің бағасына не әсер ететінін нақты айту қиын, бірақ ҚҚС өсуі олардың бағасын қымбаттатпайды.
Сонымен қатар, Б. Несіпбаев автокөліктерге арналған утилизациялық алымның көбеюіне қарсы екенін тағы бір рет айтты. Ол бұл төлем тек импорттық автокөліктерге қатысты екенін түсіндірді.
"Қазақстандық автокөлік өндірушілер утилизациялық алым төлейді, бірақ кейін ол қайта өндірушіге қайтарылады. Сол себепті отандық көліктің бағасына бұл төлем қосылмайды", – деп түйіндеді Б. Несіпбаев.
Бұған дейін, LS редакциясы хабарлағандай, Қазақстанда автокөліктерге арналған бөлшектерді көбірек шығару жоспарланған.










