Нақты сектор жобалары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) шамамен 1 трлн теңге инвестиция алды, деп хабарлайды LS.
Ұлттық банктің LS-ке берген мәліметінше, бүгінде 689 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активтері "Бәйтерек" ұлттық холдингінің облигацияларына инвестицияланған.
Оның ішінде 173 млрд теңге – жылдық 13% сыйақымен, айналым мерзімі 15 жыл болатын облигациялар. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Негізгі қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі облигациялардың алтыншы жылынан бастап қарастырылған (Ұлттық банк түсіндірмесі).
Қалған 516 млрд теңге- орташа салмақталған табыстылығы жылына 16% болатын, айналым мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі қаражат. Ол агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған: көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге, тамақ өнеркәсібіндегі өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, сондай-ақ, отандық өндірістегі немесе құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға пайдаланылған.
Сонымен қатар, 300 млрд теңге БЖЗҚ қаражаты инфляцияға индекстелген, қалқымалы купондық мөлшерлемесі бар "Самұрық-Қазына" облигацияларына салынған. Айналым мерзімі – 15 жыл. Бұл инвестициялар энергетика саласындағы жобаларды қолдауға бағытталған. Негізгі қарызды мерзімінен бұрын өтеу төртінші жылдан бастап мүмкін.
Еске салайық, 2023 жылы белгілі болғандай, БЖЗҚ қаражатынан 1,5 трлн теңге нақты сектор жобаларына инвестицияланған.
Нарық қатысушыларының алаңдаушылығына қарамастан, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары "Бәйтерек" ұлттық холдингі мен "Самұрық-Қазына" қорының бағалы қағаздарына орналастырыла бастады. Сонымен қатар, қор қаражаты нарықтық шарттар бойынша және қайтарымды негізде инвестицияланып отырғаны айтылады.










