Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін қазақстандық кәсіпкерлер де зардап шеккені белгілі болды. Бұл туралы LS редакциясының сауалына жауап берген "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлім етті.
Қазіргі уақытта Ұлттық палата еліміздің барлық өңірінен ақпарат жинап, оны жүйелеп жатыр.
"ECOMMERCE-KZ ұсынған алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайдан қауымдастық құрамындағы 100-ден астам кәсіпкердің жалпы шығыны 1 млрд теңгеден асқан",- делінген LS-ке жолданған жауапта.
Қазір өңірлік кәсіпкерлер палаталары, жергілікті атқарушы органдар және салалық қауымдастықтармен бірлесіп, зардап шеккен сатушылардың нақты саны мен келтірілген қаржылық шығын көлемі нақтыланып жатыр.
Ұлттық палата сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап, қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өтемақы алу үдерісін жеделдету үшін мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ, министрлікке уәкілетті мемлекеттік органдар, "Атамекен" ҰКП, Wildberries басшылығы мен бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру ұсынылды. Онда келтірілген шығынды бағалау тетіктері және зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсету мәселелері талқыланбақ.
Еске салайық, шілде айында Ресейдегі бірнеше Wildberries қоймасы украиналық дрондардың шабуылына ұшырады. Соның салдарынан логистикалық инфрақұрылымға зиян келіп, қоймаларда тауарларын сақтаған қазақстандық кәсіпкерлерді қоса алғанда, түрлі елдердің сатушылары шығынға батты.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның сауда өсімі қарқыны бойынша ЕАЭО елдерінен кейін қалып отырғанын хабарлаған еді.









