Вьетнамдық инвестор Түркістан әуежайын инвестициялық жоба ретінде қарастырудан бас тартты. Бұл туралы LS-ке облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында растады.
Ведомство мәліметінше, бұған дейін өңір әкімдігі әуежайды SOVICO Group компаниясына сенімді басқаруға беруді жоспарлаған.
Алайда вьетнамдық инвестор бұған дейін QazaqAir әуе компаниясын сатып алып (қазір – VietJet Kazakhstan), енді бар күшін әуе тасымалын дамытуға жұмылдырмақ. Осыған байланысты SOVICO Group Түркістан халықаралық әуежайын басқаруға дайын еместігін ресми түрде хабарлады.
Осыған байланысты әуежайды SOVICO Group-қа беру процесі тоқтатылды.
"Қазіргі уақытта басқа да мүмкін болатын инвесторлар қаралуда", – деп нақтылады басқармада.
Бұған дейін, LS редакциясы вьетнамдық инвестор Түркістан мен Қызылорда әуежайларына қызығушылық танытып жүргенін хабарлаған еді.