Кредит қарызын реттеу жеңілдейді

сегодня

Қазақстанда қарыздарды реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды, деп хабарлайды LS.

Цифрлық платформа 2026 жылғы 1 шілдеден бастап "бір терезе" қағидаты бойынша іске қосылды. Сервис банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер сияқты бірнеше қаржы ұйымы алдында кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарыздарын реттеуге мүмкіндік береді.

"Енді қарыз алушыларға әрбір кредиторға жеке-жеке жүгінудің қажеті жоқ. Платформа арқылы бір ғана өтініш беру жеткілікті. Өтінішті қарыз алушының міндеттемелері бар барлық кредитор бір мезгілде қарайды",- деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Қарыз алушылар үшін бұл қызмет әзірге тегін. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап медиатордың қызметі ақылы негізде көрсетіледі.

Finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинақтап, өтінішті қарауға қажетті ақпаратты қалыптастырады. Соның нәтижесінде бес жылға дейінгі бірыңғай өтеу кестесі ұсынылуы мүмкін. Ал әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін өтеу мерзімі жеті жылға дейін ұзартылады.

Платформа арқылы өтініш беру үшін қарыз алушы мынадай талаптарға сай болуы қажет:

  • екі немесе одан да көп қаржы ұйымы алдындағы несиелері бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болуы;
  •  жалпы қарыз сомасы 150 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін, яғни 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін болуы;
  • қарыз бойынша сот шешімі шығарылмауы, нотариустың атқарушылық жазбасы рәсімделмеуі және мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмауы тиіс.

Ал ұжымдық реттеу рәсіміне мынадай қарыздары бар азаматтар қатыса алмайды:

  • ипотекалық несие;
  • автонесие;
  • кәсіпкерлік қызметке байланысты банк несиелері немесе микрокредиттер;
  • алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер;
  • мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға төлемі кейінге қалдырылған несиелер;
  • медиация тәртібімен дау реттеу туралы келісім жасалған несиелер;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдері қолданылып жатқан берешек.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін талаптар жеңілдетілген.

Бұған дейін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мерзімі өткен несиесі бар әрі дәстүрлі қаржы құралдарына қол жеткізуі қиын азаматтарға тауарлық несие беру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған еді.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.