Қазақстанда өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған азаматтарға айыппұл салынады, деп хабарлайды LS.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлағандай, коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастар мен байланыста болған адамдар үшін оқшауланудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелер бекітілді.
"Осы талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жаза көзделген. Ереже 2021 жылдың 10 маусымында күшіне енеді" - делінген хабарламада.
Мемлекеттік мекеме карантинді бұзған және айналасындағыларға жұқтыру қаупін әдейі жасаған адамға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынатынын жеткiздi.
Карантин бұзушылар Ashyq көмегімен анықталады. Атап айтқанда, жүйе қоғамдық нысандарға барған кезде "қызыл" мәртебесі бар адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
"Карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемилогиялық талаптарды сақтамауы ӘҚБтК-нің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жазалау шараларын қолдануға себеп болады", - деп атап өтті комитетте.
Бұған дейін, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті LS-ке Қазақстандағы карантиндік шаралар қай жерде ең көп бұзылатыны туралы айтқан болатын. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бұл көрсеткіш бойынша Шымкент (148 нысан), Нұр-Cұлтан (63), Алматы (53) қалаларында кәсіпкерлік нысандары көш бастап тұр. Сондай-ақ, Жамбыл (38), Қостанай (34), Павлодар (23) облыстарында карантин үнемі бұзылды.