Геосаяси ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан, теңге қолдауға ие болып отыр. "Финам" компаниясының талдаушысы Николай Дудченконың болжамынша, USD/KZT бағамы бір доллар үшін 495- 500 теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал, деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, I тоқсанда теңге бағамына ықпал етуі мүмкін негізгі тәуекелдер сыртқы факторлармен байланысты. Н. Дудченконың дерегінше, өткен жылы теңге мен мұнай бағасы арасындағы өзара байланыс айқын байқалмаған. Дегенмен сыртқы ахуал әлі де тұрақсыз болып отыр.
Жыл басында Венесуэлада бірқатар оқиғалар болып, ел басшысы Николас Мадуро америкалық тараптың қолына түсті. Сонымен қатар Сауд Арабиясы Йемендегі портқа әуе соққысын жасап, БАӘ қолдайтын топты нысанаға алды. Қазір Иранда да наразылықтар жалғасып жатыр, бұл АҚШ пен Израильдің жаңа әрекеттеріне ұласуы мүмкін.
"Бұл жағдайлар мұнай бағасын жоғары бағытта ұстап отыр. Алайда Brent әлі де барреліне 60- 70 доллар дәлізінен шыққан жоқ. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі теңгені қолдайтын факторға айналуы ықтимал",- дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол Венесуэла, Иран, БАӘ және Сауд Арабиясы ОПЕК картелінің мүшелері екенін еске салды.
"Картельдің тарау ықтималдығы сақталып отыр. Бұл мұнай нарығына кері әсер етіп, соның салдарынан теңге бағамына қысым түсіруі мүмкін",- деп атап өтті Н. Дудченко.
Аналитиктің айтуынша, бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығы әзірге төмен, өйткені мұнай бағасының тұрақтылығы ең алдымен ірі мұнай өндіруші АҚШ-тың өзіне тиімді.
Ішкі факторларға тоқталған сарапшы қазір басты назар Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешіміне аударылып отырғанын айтты. 2025 жылы базалық мөлшерлеме 15,25%-дан 18%-ға дейін көтерілді. I тоқсанда бұл мәселе екі рет- қаңтар және наурыз айларында қаралады. Н. Дудченконың пікірінше, қатаң ақша-несие саясаты теңгені қолдайтын фактор болып қала бермек.
"Біздің бағалауымыз бойынша, I тоқсанда теңге нығаюын жалғастыруы мүмкін. Қазіргі таңда бұл сценарийдің ықтималдығы теңгенің әлсіреуіне қарағанда жоғары. Нысаналы деңгей- бір доллар үшін 495- 500 теңге. Ал USD бағамы 520- 525 теңгеден асқан жағдайда болжамды қайта қарау қажет болады",- деп түйіндеді "Финам" талдаушысы.
Бұған дейін, Евразиялық даму банкі 2026 жылы доллар бағамын 535 теңге деңгейінде болжайтынын хабарлаған еді.










