Алдағы үш жылда әлеуметтік шығыстарды оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын шамамен 2,5 трлн теңгеге қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды LS.
Құрылтай депутаты Наталья Годунованың сөзінше, соңғы жылдары бюджет тапшылығының көлемі ақшалай мәнде артқанымен, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі төмендеген.
"Соған қарамастан, бюджет тапшылығын Ұлттық қордан алынатын қаражат пен мемлекеттік қарыз есебінен жабу жалғасып келеді. Үш жылдық бюджет жобасына сәйкес, 2027 жылы бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге жетпек. Ал өткен жылғы болжамда бұл көрсеткіш 3,7 трлн теңге болған. Яғни, тапшылық көлемі шамамен 1 трлн теңгеге ұлғайған. Сонымен бірге үкімет 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын 1 трлн теңгеге дейін азайтуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткішті төрт еседен астам қысқарту деген сөз. Алайда бұған қандай нақты шаралар арқылы қол жеткізу көзделіп отыр? Бюджет тапшылығын 4,6 трлн теңгеден 1 трлн теңгеге дейін азайту жоспары қаншалықты шынайы?"- деп сұрады депутат.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, үш жылға арналған бюджет көрсеткіштерін алдын ала дәл болжау қиын. Сондықтан бюджетке жыл сайын өзгерістер мен түзетулер енгізіліп отырады.
"Қазір әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ауқымды реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді мемлекеттік қолдау азаматтың қай санатқа жататынына емес, оның нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Жаңа жүйе 2027 жылғы қаңтардан бастап толық іске қосылады. Үкіметтің болжамынша, реформаның нәтижесінде 2027 жылдың өзінде 700 млрд теңге, ал алдағы үш жылда шамамен 2,5 трлн теңге үнемделеді. Мысалы, бүгінде көпбалалы отбасылардың табыс деңгейіне қарамастан, барлығы бірдей қолдау шараларын алады. Үкімет мұны әділетсіз деп санайды. Алдағы уақытта мемлекет көмегі белгілі бір өмірлік жағдайларға байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға бағытталмақ",- деді ол.
Премьер-министрдің пікірінше, мемлекеттік әлеуметтік көмек азаматтар үшін тұрақты табыс көзіне айналмауы тиіс.
"Мемлекеттік көмек адамға аяғынан тұрып, өз күнін өзі көруге және уақыт өте келе көмекке мұқтаж болмайтындай жағдай жасауға бағытталуы керек. Біздің мақсатымыз- осы. Сонымен қатар бюджет тапшылығын біртіндеп азайтуды жалғастырамыз",- деді О. Бектенов.
Бюджет шығындарын азайту үшін үкімет мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттар салуға уақытша тыйым салды. Премьер-министрдің айтуынша, мұндай ғимараттарды салу көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан бұл шығындарды қысқарту бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді








