Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі зейнетақы мөлшері өседі, деп хабарлайды LS.
Қаржы министрлігі "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын жариялады. Ол 2022 жылдың 8 қыркүйегіне дейін талқылануда.
Құжатқа сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоспар бойынша орнатылар төлемдер көлемі:
- жалақының ең төменгі мөлшері – 60 мың теңге (ағымдағы мәні – 60 мың теңге);
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 21 907 теңге (ағымдағы мәні – 20 191 теңге);
- зейнетақының ең төменгі мөлшері – 53 076 теңге (ағымдағы мәні – 48 032 теңге);
- айлық есептік көрсеткіш – 3 450 теңге (ағымдағы мәні – 3 180 теңге);
- ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 40 567 теңге (ағымдағы мәні – 37 389 теңге).
Бұдан басқа, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 10,5%-ға ұлғайтылады. Бұл ретте 2,3 млн-ға жуық адам зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі.
Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының орташа мөлшері 119 460 теңгені құрайды (2022 жылдың деңгейіне+11 145 теңге). 2024 жылы ол 125,5 мың теңгеден, 2025 жылы – 130,4 мың теңгеден асады.
Заң жобасында жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 2023 жылы $13,2 мың, 2027 жылы $18,3 мыңға дейін өсетіні көрсетілген.