Қазақстанды ет дағдарысы күтіп тұр

сегодня

Ет бағасының негізгі қымбаттау кезеңі өткеніне қарамастан, мал басының аздығы нарықтағы ахуалды тағы біраз уақыт қиындатады. Мұндай ойды LS-ке салалық одақ мүшесі Мақсұт Бақтыбаев жеткізді.

Оның айтуынша, еттің бағасы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікке тікелей байланысты. Сатып алушылардың қызығушылығы артып келеді, алайда өнімнің жетіспеушілігіне байланысты оны толық қанағаттандыру мүмкін емес.

"Ірі қара санының қысқаруы нарықта тапшылық туғызып, соның нәтижесінде бағаның өсуіне себеп болды. Бұған дейін ресми деректерде ішкі нарықтағы қымбатшылық экспорт көлемінің артуымен түсіндірілген еді, бірақ бұл шындыққа сай келмейді. Біз жылына шетелге бар – жоғы 15 мың тонна сиыр етін жөнелтеміз, бұл жалпы тұтынудың небәрі 3%-ын құрайды және мұндай мөлшер бағаны айтарлықтай қымбаттата алмайды. Басты түйткіл – мал басының жеткіліксіздігі", – деп түсіндірді ол.

М. Бақтыбаевтың айтуынша, фермерлердің мал шаруашылығына қызығушылығы өсіп келе жатқанына қарамастан, бұл тапшылықты қысқа мерзімде жою мүмкін емес. Нарыққа тауарлық ет шығару үшін ұзақ уақыт қажет: шетелден асыл тұқымды мал әкелу, одан төл алу және оны өсіру үдерісі орта есеппен үш-бес жылға созылады.

"Еттің қымбаттауына әсер еткен себептер бірнеше жыл бұрын қалыптасты, оның ішінде тірі малды сыртқа шығаруға тыйым салу да бар. Бүгінде сол шешімнің салдарын көріп отырмыз және бұл жағдай кем дегенде тағы үш-бес жыл бойы сезілмек", – деп түсіндірді ол.

Сарапшы мәліметінше, Қазақстанда әр тұрғын жылына шамамен 25 кг сиыр етін, 7-8 кг қой мен жылқы етін, 20 кг құс етін және 3-5 кг шошқа етін тұтынады.

"Сиыр еті қымбаттағанда, бұл өзге ет түрлерінің, әсіресе тауық етінің бағасының өсуіне ықпал етеді", – деді ол.

М. Бақтыбаевтың айтуынша, ет бағасындағы негізгі күрт өсім кезеңі артта қалды.

"Бағаның әрі қарайғы өсуі инфляция деңгейінде болады – жылына шамамен 100-200 теңге. Негізгі жем-шөп өндірілетін солтүстікте қазір бағаға қысым дерлік жоқ, ал оңтүстікте жем қорының тапшылығына байланысты жергілікті деңгейде ғана өсім байқалды", – деп атап өтті ол.

Нарықты тұрақтандыру үшін ол үш қадам ұсынады:

  • импортталатын етті ҚҚС-тан босатып, өзіндік құны төмен елдерден – Бразилия, Аргентина, Моңғолия, Үндістаннан жеткізуді жолға қою;
  • фермерлерге шетелден асыл тұқымды мал сатып алу үшін қолжетімді несие беру;
  • өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар тізбегін қысқарту.

"Бөлшек саудадағы бағаның шамамен 30%-ы делдалдардың үстеме бағасынан тұрады. Қалаларда өнімді өзіндік құнына 15-20% ғана қосып тікелей сататын муниципалдық фермерлік базарлар ашылса, бағаны едәуір төмендетуге мүмкіндік бар. Алайда мұндай шаралар іске асырылмайынша, жағдай түбегейлі өзгермейді", – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін, LS редакциясы инфографика арқылы Қазақстан қалаларындағы ет бағасының өсуін және жергілікті фермерлердің оны қандай елдерге экспорттайтынын көрсеткен болатын.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.