Павлодар мен Ақтөбеде тұрғын үй бағасы едәуір өсті, деп хабарлайды LS.
Биыл шілде айында жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі республика бойынша орта есеппен 528,5 мың теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең үлкен өсім Павлодарда байқалды – бағалар 25,8%-ға өсіп, 1 шаршы метрі 451,1 мың теңгеге жетті. Қызылорда мен Алматыда баға 15,3%-ға көтеріліп, сәйкесінше 386,3 мың және 647,7 мың теңгені құрады. Ал Шымкентте өсім 14,9% болып, шаршы метрі 502,6 мың теңгеге дейін жетті.
Астанада жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі орташа есеппен 595,5 мың теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға қымбат.
Екінші нарықта баспана бағасы бір жыл ішінде 7,3%-ға өсіп, ел бойынша орташа мәні 551,9 мың теңгені құрады.
Ақтөбеде екінші нарықтағы баспана бағасы 19%-ға өсіп, 1 шаршы метрі 343,1 мың теңгеге жетті. Павлодарда өсім 15,8%-ды (423,2 мың теңге), ал Талдықорғанда 12,6%-ды (393,1 мың теңге) құрады.
Астанада қайта сату бағасы 3,1%-ға өсіп, шаршы метрі 652,5 мың теңге болды, Шымкентте – 2,1%-ға (427,9 мың теңге) қымбаттады. Алматыда өсім анағұрлым жоғары – 14,4%, шаршы метрі 688,5 мың теңгеге жетті.
Тек Өскеменде ғана баға төмендеп, бір жыл ішінде 1,4%-ға азайып, 1 шаршы метрі 375,9 мың теңгені құрады.
Ел бойынша жалға алу бағасы бір жылда 8,2%-ға өсіп, 1 шаршы метрі орта есеппен 4,5 мың теңгеге жетті.
Ең үлкен өсім Ақтөбеде тіркелді- жалдау ақысы 32,6%-ға өсіп, шаршы метрі 3 мың теңге болды. Семейде бұл көрсеткіш 23,2%-ға (3,5 мың теңге), ал Көкшетауда 21,6%-ға (3,3 мың теңге) артты.
Алматыда жалдау ақысы 2%-ға өсіп, 5,3 мың теңгеге жетсе, Шымкентте – 7,7%-ға (3,9 мың теңге), Астанада – 16,2%-ға (5 мың теңге) қымбаттады.
Биыл маусыммен салыстырғанда, шілдеде алғашқы нарықтағы тұрғын үй бағасы 0,2%-ға, екінші нарықта – 0,9%-ға, ал жалдау ақысы – 0,8%-ға өсті.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстандағы ипотеканың әлемдегі ең қымбаттардың қатарына кіретінін жазған еді.