Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін алгоритмдер арқылы басқаруға негізделген жаңа модель әзірленуде, деп хабарлайды LS.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, эксперименттік модельді қазан айында таныстыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе студенттің қызығушылығы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу үдерісін жекелей ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осылайша әр студенттің оқу жүктемесі оның қабілеті мен таңдаған бағытына қарай қалыптастырылады.
"Жоғары білім беруді ұйымдастырудың жаңа эксперименттік моделін ұсынамыз. Бұл жүйеде негізгі үдерістер алгоритмдер арқылы басқарылады. Студенттің жеке оқу жүктемесі оның қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне қарай қалыптастырылады. Мұндай форматтарға үлкен үміт артып отырмыз",- деді министр.
Саясат Нұрбек Қазақстанның шетелдік университеттердің тәжірибесін зерделеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа оқу және ғылыми-зерттеу форматтарын дамыту үшін шетелдік жоғары оқу орындарын Қазақстанға тарту мүмкіндігі қарастырылуда.










