Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды анықтау критерийлерін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды LS.
Алматы әкімдігі жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін тіркеу мерзімі мен тұрғын үйі жоқ болу талабын 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл жөнінде LS-ке өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлаған.
Қазіргі уақытта бұл талаптар тиісінше үш және бес жылды құрайды. Сонымен қатар, бастамашылар толық емес отбасыларға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініш беру шарттарын қатаңдатуды да ұсынды.
Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл шараларды орынсыз деп есептейді.
"Ұсыныстарды талқылау нәтижесінде міндетті тіркеу мерзімін 3 жылдан 10 жылға дейін ұзарту тиімсіз деп бағаланды. Себебі бұл елде тұрақты тұрып, еңбек етіп жүрген азаматтардың мемлекеттік қолдау тетіктеріне қол жеткізу мүмкіндігін шектеуі ықтимал", – делінген министрлік жауабында.
Сонымен қатар, тіркеу мерзімін бес жылға дейін ұлғайту қарастырылып жатыр. Бұл талап тұрғын үйдің болмау мерзіміне қатысты қазіргі нормамен сәйкестендірілмек. Аталған өзгерістерді еңбек министрлігі бастамашылық еткен.
"Тұрғын үйдің меншікте болмау мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту бастамасы да қолдау таппады. Өйткені мұндай өзгеріс шын мәнінде баспанаға мұқтаж азаматтардың жүйеден шет қалуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қолданыстағы бес жылдық талап жеткілікті деп есептелді", – деп қосты министрлікте.
Толық емес отбасыларға қатысты өзгерістер, оның ішінде некені бұзғаннан кейін бес жылдық мерзім енгізу ұсынысы да тиімсіз деп бағаланды.
"Бұл мерзім азаматтарды кезекке қою құқығына әсер етпейді, тек кезектегі басымдықты айқындайды. Қазіргі таңда "толық емес отбасы" мәртебесі тұрғын үй кезегіне тіркелуде ешқандай жеңілдік не артықшылық қарастырмайды", – деп түйіндеді министрлікте.
Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу Отбасы банк платформасы арқылы автоматтандырылған түрде жүзеге асырылады. Әр өтініш бойынша отбасының табысы, мүлкі және өзге де активтері ескерілетін цифрлық профилі қалыптастырылады.
Бұған дейін, Отбасы банк салымдар бойынша сыйақы төлеудің жаңа тетігін қарастырып жатқаны хабарланған еді.










