Қазақстанда несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің жаңа шекті мәндері енгізілді, деп хабарлайды LS.
Егер 2011 жылдан бастап сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) 56%-ды құраса, 2021 жылғы наурыздан бастап ол қарыз түріне байланысты бөлінді.
"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сыйақы мөлшерлемелерінің сараланған шекті мәндерін енгізді. Осылайша, кепілсіз банктік несиелер бойынша СЖТМ шекті мәні 56% деңгейінде сақталды, кепілзаттық несиелер бойынша 56%-дан 40%-ға дейін төмендетілді. Ипотекалық несиелер бойынша 56%-дан 25%-ға дейін төмендетілді, микрокредиттер бойынша (кепілзаттық және кепілзатсыз) 56% деңгейінде сақталды. 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК (145,8 мың теңге) сомасына берілетін кепілзаттық микронесиелер бойынша 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді", – хабарлады агенттiкте.
Естеріңізге сала кетейік, СЖТМ – бұл банк және басқа да қаржы ұйымдарының қызметтері бойынша сыйақы мөлшерлемесі. Қарыз бойынша СЖТМ есебіне клиенттің негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдері, сондай-ақ, несие беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер кіреді.