Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) өндіру қолға алынбақ. Осыған байланысты бұл салаға бақылау күшейтіледі. Бұл туралы LS тілшісіне индустрия және құрылыс министрлігі мәлім етті.
Министрліктің ресми мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және өндіру саласы енді ғана қалыптасып келеді.
Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар тиісті бағдарламалық құжаттарды әзірлеп жатыр. Бұл құжаттарда заңнаманы жетілдіру, мамандар даярлау және ең алдымен дрондарды әскери және азаматтық мақсатта өндіруді жолға қою көзделген.
Сонымен қатар, министрлік отандық ұшқышсыз жүйелерді сертификаттау рәсімінің алгоритмін әзірлеп жатыр.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану кезінде әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғандарға әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша 10-20 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл 2025 жылы 39,3-тен 78,6 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ал әуе кемелерін пайдалану қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандар 40-100 АЕК (157,2 мыңнан 393,2 мың теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл төлейді.
2024-2025 жылдары мұндай сипаттағы 102 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген: соның ішінде 2025 жылдың алғашқы жартысында – 49, ал 2024 жылы – 53. Аталған фактілер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қолданылған.
Үкімет депутаттық сауалға берген жауабында 2026 жылдың бірінші тоқсанында ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуларын басқару, бақылау және үйлестіру бойынша Бірыңғай орталықты құру жоспары дайындалатынын хабарлады.
Бұдан бөлек, дрондардың қайдан шыққанын анықтау және олардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында бірыңғай техникалық таңбалау талаптарын енгізу жоспарланып отыр.