Соңғы уақытта бензин бағасы 3-4 теңгеге қымбаттады, деп хабарлайды LS.
Мәжіліс кулуарында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай бағасына қатысты пікір білдірді.
"Елімізде бензин бағасына мемлекеттік реттеу алынып тасталғандықтан, оның құны ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Қолдағы мәліметке сәйкес, жанармай бағасы шамамен 3-4 теңгеге ғана өскен. Сондықтан оның 10 теңгеге қымбаттады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл мәселеде қандай да бір картельдік сөз байласу белгілері жоқ. энергетика министрлігі нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда", – деді министр.
Оның айтуынша, егер компаниялар бағаны 4 теңгеге көтеру қажет деп шешсе, онда бензин бағасы сол деңгейге көтеріледі.
Бағаның қаншалықты қымбаттауы мүмкін деген сұраққа жауап берген министр бензин бағасы күрт өспейтінін айтты.
"Менің ойымша, ондай жағдайға негіз жоқ. Себебі мұнай бағасы да нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Соған қарамастан, оның құны шектен тыс өсіп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бір баррель мұнайдың бағасы шамамен $93,5-ы деңгейінде сақталып отыр", – деп түйіндеді Е. Ақкенженов.
Айта кетейік, бұған дейін мұнай өңдеу кәсіпорындары бензин мен дизель отынының бағасын өсірген болатын.
LS редакциясы жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың автокөлік иелеріне қалай әсер етуі мүмкін екені туралы сараптамалық материал жариялаған еді.









