Қазақстанда баспана бағасы арзандай ма

сегодня

Жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің төмендеуі мен зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптарының күшеюі тұрғын үйге деген сұраныстың одан әрі азаюына ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды LS.

Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, жеткіліктілік шегінің 79%-дан астамға өсуі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалана алатын азаматтар санын едәуір қысқартады. Оның пікірінше, соңғы жылдары бұл қаражаттың қолжетімді болуы баспанаға сұранысты арттырып, нарықтағы алыпсатарлық белсенділіктің күшеюіне әсер еткен.

Қазірдің өзінде тұрғын үйді несиелеу нарығында бәсеңдеу байқалады. Бұған ипотекалық мөлшерлемелердің жоғары болуы, несие рәсімдеу талаптарының қатаюы, халықтың қарыз жүктемесінің артуы, табыстың жеткілікті деңгейде өспеуі және баспана бағасының азаматтардың нақты төлем қабілетіне сәйкес келмеуі себеп. Сонымен қатар, көптеген қазақстандықтар әзірге тұрғын үй сатып алуды кейінге қалдырып, күту тактикасын таңдаған.

Ипотекалық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары деңгейі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілгенімен, жеткіліктілік шегінің өсуі тұрғын үйге деген сұранысты қысқартуы ықтимал.

Ермек Мүсіреповтің айтуынша, өзгерістердің әсерін ең алдымен эконом және комфорт санатындағы тұрғын үй сегменті сезінеді. Өйткені бұл нарықтағы мәмілелердің басым бөлігі ипотекалық несиелер мен зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асып келген.

Осыған байланысты сарапшы алдағы уақытта тұрғын үйге сұраныс төмендей береді деп болжайды. Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы қызып кеткен әрі алыпсатарлық сипат алған нарық енді салқындау және тоқырау кезеңіне қадам басты.

Баға қалай өзгеруі мүмкін

Сарапшының айтуынша, нақты сатып алушылар санының азаюы сатушылар мен құрылыс компаниялары арасындағы бәсекені күшейтеді. Соның нәтижесінде нарықта жеңілдіктер, акциялар, субсидиялар, бөліп төлеу бағдарламалары және түрлі бонустар саны артуы мүмкін.

Сарапшының пікірінше, тұрғын үй нарығындағы баға қазірдің өзінде біртіндеп түзетіле бастады.

"Егер қазіргі үрдіс сақталса, әсіресе қайталама тұрғын үй нарығында және бағасы негізсіз қымбат нысандарда соңғы жылдардағы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда баға 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Алайда бұл күрт құлдырау емес, сұраныстың азаюы мен қаржыландыру мүмкіндіктерінің шектелуі салдарынан біртіндеп жүретін нарықтық түзету болады",- деді Ермек Мүсірепов.

Оның болжамынша, жыл соңына дейін жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділік төмен деңгейде сақталып, баға біртіндеп түзетіле береді. Әсіресе халықтың нақты табысына сәйкес келмейтін, шамадан тыс қымбат бағаланған нысандарда бағаның төмендеуі айтарлықтай болуы мүмкін.

"Егер ипотеканың қолжетімділігі одан әрі төмендеп, сұранысты ынталандыратын жаңа ауқымды мемлекеттік қолдау шаралары қабылданбаса, тұрғын үй нарығы соңғы жылдардағы ең күрделі кезеңдердің біріне тап болуы мүмкін",- деді сарапшы.

Ал жылжымайтын мүлік саласының маманы Александр Пак жеткіліктілік шегінің ұлғаюы нарыққа айтарлықтай әсер етеді деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, халықтың негізгі бөлігі бұл мүмкіндікті бұрыннан пайдаланып қойған.

"Менің ойымша, сатып алу-сату мәмілелерінің саны небәрі 1- 3%-ға ғана азаюы мүмкін, тіпті оған да күмәнім бар. Бағаға келсек, елеулі өзгеріс болмайды деп санаймын. Шамамен сатылатын жүз нысанның біреуінің ғана бағасы төмендеуі ықтимал. Себебі жылжымайтын мүлік нарығы өте ауқымды. Дегенмен кез келген шектеу- жағымсыз фактор",- деді ол.

Сарапшының айтуынша, кейбір азаматтар сатып алу жоспарын кейінге қалдыруы мүмкін, бірақ бұл өзгеріс ауқымды болмайды.

Сонымен қатар елімізде тұрғын үй нарығындағы белсенділік төмендеуді жалғастыруда. Мамыр айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 420 мәміле тіркелген. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 13,5%-ға аз.

Бұған дейін, Finratings.kz мәліметінше, New Vision 2026 форумында BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев пәтер сатылымы қатарынан алты ай бойы төмендеп келе жатқанын мәлімдеген. Оның бағалауынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы күрделі кезең тағы шамамен бір жарым жылға созылуы мүмкін.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.