Елімізде бірқатар теміржол вокзалдарын бұзу және олардың орнына заманауи жаңа ғимараттар салу жоспарланып отыр. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" компаниясы LS редакциясына берген мәліметінде хабарлады.
Ұлттық компания техникалық тексеріс жүргізді. Нәтижесінде кейбір вокзал ғимараттарының жағдайы қанағаттанарлықсыз екені және оларды әрі қарай тиімді пайдалануға жарамсыз екені анықталды. Осыған байланысты бірқатар нысандарды бұзу туралы шешім қабылданып, олардың орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланып отыр.
Қайта жаңарту аясында 37 станция бұзылмақ. Олардың қатарында: "Аягөз", "Дегелен", "Жарма", "Ерейментау", "Державинская", "Атбасар", "Аршалы", "Үленті", "Сарыоба", "Еркіншілік", "Есіл", "Железнодорожная", "Қарақұдық", "Алға", "Семей", "Сарыөзек", "Лепсі", "Шамалған", "Ұзынағаш", "Жетіген", "Арыс-2", "Тимур", "Түлкібас", "Сарыағаш", "Сексеуіл", "Арал теңізі", "Терезек", "Жалағаш", "Түрксіб (Луговое)", "Ганюшкино", "Аққыстау", "Сағыз", "Доссор", "Исатай", "Шетпе", "Бейнеу", "Маңғыстау" станциялары бар.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 125 вокзалды жаңғырту жобасы бастапқыда ауқымды әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бағдарлама ретінде жоспарланған. Көптеген нысандар ондаған жыл бойы пайдаланылып, қатты тозғандықтан, оларды кешенді түрде жаңарту көзделіп отыр.
Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кейбір нысандар бойынша жобалық құжаттама аяқталған. Қазіргі уақытта олар іске қосу сатысының соңғы кезеңінде тұр. "Қазақстан темір жолы" компаниясы жобалардың жүзеге асу мерзімі әр нысанға жеке байланысты екенін атап өтті, себебі қолданыстағы вокзалдарды реконструкциялау жаңа құрылысқа қарағанда күрделірек болып келеді.








