Қазақстанда отандық автокөлік бренді пайда болуы мүмкін. Бұл туралы LS "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне сілтеме жасап хабарлайды.
Холдинг мәліметінше, қазір шетелдік серіктестің технологияларын пайдалана отырып, бірлескен әрі жергілікті өндіріс негізінде қазақстандық автокөлік брендін шығару мүмкіндігі қарастырылуда.
Аталған жобада автокөлікті бастапқыдан әзірлеу көзделмеген. Өндіріс дайын технологиялық платформаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
"Бәйтерек" өкілдерінің айтуынша, бастама қазір алдын ала талдау және пысықтау кезеңінде. Негізгі параметрлер бойынша түпкілікті шешім әлеуетті серіктеспен бірлескен жұмыс пен тиісті есептеулер аяқталған соң қабылданады.
Атап айтқанда, модельдік қатар мен жоспарланған өндіріс көлемі маркетингтік және техникалық-экономикалық есептердің нәтижесі бойынша анықталады.
Өндірісті орналастыру мәселесі әлі шешілмеген. Серіктес ықтимал өндірістік алаңдарды кешенді талдау жүргізіп отыр.
Жобаны іске асыру мерзімі, инвестиция көлемі және өзге де негізгі параметрлер әзірге пысықталып жатыр. Бұл үшін холдинг бастаманың құрылымын келісіп, тараптардың қатысу шарттарын айқындап, дайындық кезеңін аяқтауы тиіс.
"Бәйтерек" холдингінде бұл жоба инвестиция тарту және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бағытында қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, жоба технология трансфері мен өндірістік базаны дамытуға бағытталған.
"Қазіргі уақытта тараптарға PROTON* бренді бойынша жергілікті серіктесті таңдау және қаржыландырудың ықтимал тетіктерін қарастыру қажет. Жобаның соңғы параметрлері тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін анықталады", – деп қосты холдингте.
*Бұған дейін, ұлттық холдинг Малайзияның Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) компаниясымен меморандумға қол қойған еді. Құжат өз автокөлік брендін шығаруға мүмкіндік беруді көздейді.
Айта кетейік, отандық автокөлік моделін жасау жоспарлары туралы бұған дейін Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев та хабарлаған болатын.










