Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі азаюын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды LS.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында жеке қосалқы шаруашылықтарда 11,1 мың тонна сиыр еті өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға төмен.
Жеке шаруашылықтарда сиыр етінен бөлек, өзге мал өнімдерінің өндірісі де азайған. Шошқа еті – 14,5%, қой еті – 7,5%, жылқы еті – 7%, ал құс еті 2,3%-ға төмендеген.
Сонымен қатар өндірілген еттің басым бөлігі жеке тұтынуға бағытталған. Үй шаруашылықтары өз қажетіне 6 мың тонна сиыр етін, 3,8 мың тонна қой етін және 2,1 мың тонна жылқы етін пайдаланған.
Нарыққа шығарылған өнім көлемі де кеміген. Сиыр етін өткізу 1,8 есеге төмендеп, 1,9 мың тоннаны құраса, құс етінің сатылымы 7,8 есеге қысқарып, 7,1 тоннаға дейін азайған.
Қаңтар-наурыз айларында жеке қосалқы шаруашылықтарда 172,8 млн литр сүт өндірілді. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға төмендеген.
Соған қарамастан, сүтті өткізу көрсеткіші өсті. Сатылған сүт көлемі 36,3%-ға артып, 41,6 млн литрге жетсе, жеке тұтынуға пайдаланылған сүт көлемі 8%-ға өсіп, 79,9 млн литрді құраған.
Бірінші тоқсанда үй шаруашылықтарында 48,4 млн дана жұмыртқа алынған. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,2%-ға төмендеген.
Өндірілген жұмыртқаның көбі отбасының өз қажетіне жұмсалған. Бірінші тоқсанда тұрғындар 35,9 млн дана жұмыртқаны өздері тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Ал сатылған жұмыртқа көлемі 1,6 есеге төмендеп, 6,9 млн дананы құрады.
Осы ретте мал ұстауға кететін шығындар, керісінше, артқан. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 11,6%-ға өсіп, 24,2 млрд теңгеге жетті.
Шығындардың басым бөлігі жем-шөпке жұмсалған – 22,1 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға көп.
Ветеринарлық қызметтерге жұмсалған шығын да артқан. Бұл мақсатқа 731,1 млн теңге жұмсалып, көрсеткіш 29,4%-ға өсті. Сондай-ақ көлік шығындары 238,5 млн теңгеге жетіп, 2,4%-ға көбейген. Ал малды сою және етін өңдеуге кеткен шығын 57,8 млн теңгені құрап, 6%-ға артқан.
Ал жалдамалы жұмыс күшіне жұмсалған шығын 1,8%-ға азайып, 528,6 млн теңгені құрады.
Мал бағуға кететін шығын көбейгенімен, одан түсетін табыс азайып отыр. Мал шаруашылығы өнімдерін сатудан түскен кіріс 1,5 есеге төмендеп, 15,2 млрд теңге болған.










