Қазақстан Иранның Ормуз бұғазына жақын орналасқан Шахид Раджаи портындағы жер телімін игеруге ниетті. Бұл туралы LS-ке сенат кулуарында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Иран Қазақстан үшін оңтүстік бағытқа шығатын маңызды транзиттік әріптес болып табылады.
"Біз үшін Иран – оңтүстік нарықтарына апаратын негізгі жолдардың бірі. Қазір жүктер Маңғышлақ стансасы арқылы Түрікменстанды басып өтіп, Иранға жеткізіледі. Ирандық әріптестер теміржол желісінің шамамен 90 пайызы дайын екенін айтып отыр. Осы бағытпен жүктерді Ормуз бұғазынан тыс орналасқан Чабахар портына немесе Бендер-Аббас портына тасымалдауға болады. Қазақстанға шамамен 15 гектар жер бөлінді. Белгілі оқиғаларға байланысты жоба уақытша тоқтап қалғанымен, жақын арада жұмыстар қайта басталады. Бұл аумақты ирандық компаниялармен бірлесіп дамытуды жоспарлап отырмыз", – деді министр.
Серік Жұманғариннің сөзінше, Шахид Раджаи порты жүк өңдеу инфрақұрылымы жақсы дамыған ірі логистикалық нысан саналады. Мұнда астықты қоса алғанда түрлі жүктерді қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік бар.
"Мен бұл портта арнайы болып қайттым. Онда Қазақстан өзіне тиесілі терминал немесе контейнерлік кешен салуына толық мүмкіндік бар. Біз Иранмен арадағы сауда айналымын $3 млрд-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Алайда соңғы жылдары көрсеткіш 500 миллион доллар шамасында қалып келеді. Бұған көбіне санкциялық шектеулер әсер етуде. Егер санкциялар алынатын болса, сауда көлемі едәуір артады. Қазақстанның Иранға және Иран арқылы басқа елдерге экспорттай алатын тауарлары жеткілікті. Бұл бағыт Парсы шығанағына шығуға, сондай-ақ Шығыс Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан мен Пәкістан нарықтарына жол ашуға мүмкіндік береді", – деді министр.
Сонымен қатар Қазақстан Трансауған көлік бағытын дамыту мәселесін де қарастырып жатыр.
"Егер бұл жобаны толық жүзеге асыра алсақ, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Спин-Болдак құрғақ портына шығып, одан әрі Пәкістанның Карачи портына жетуді жоспарлап отырмыз. Қазақстан үшін теңіз порттарына шығатын жолдардың болуы аса маңызды. Бұл еліміздің болашақтағы экономикалық өсімі мен халықаралық саудасын дамытудағы басты факторлардың бірі", – деп түйіндеді С. Жұманғарин.
Бұған дейін, Иран Қазақстанға өз порттарының мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай жасайтыны хабарланған болатын. Сонымен қатар биылғы жылдың басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы үштен біріне қысқарып, $57,6 млн құрады.
Апта басында АҚШ пен Иранның бейбіт келісімге келгені белгілі болды. Осыдан кейін Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы қайта жанданды.










