Қазақстан электр энергиясын шетелге сатқан бағасынан шамамен төрт есе қымбатқа сатып алады, деп хабарлайды LS.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 62,7 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға жоғары.
Ал электр энергиясының экспорты 31,3%-ға төмендеп, 1,4 млрд кВт/сағатты құрады. Сыртқы нарыққа электр энергиясын сатудан Қазақстан $34,7 млн табыс тапты.
Оның ішінде Ресейге 1,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы экспортталды. Бұл 4,6%-ға аз. Қырғызстанға экспорт көлемі 254,9 млн кВт/сағатты құрап, 3,2 есеге қысқарды.
Ал электр энергиясының импорты керісінше 13%-ға өсіп, 2 млрд кВт/сағатқа жетті. Қазақстан электр энергиясын шетелден сатып алуға $202,4 млн жұмсаған.
Электр энергиясының негізгі импорттаушысы- Ресей. Оның үлесіне 1,6 млрд кВт/сағат тиесілі, бұл 18,6%-ға көп. Өзбекстаннан импорт 9,3%- ға өсіп, 327,2 млн кВт/сағатқа жетті.
Ал Қырғызстаннан жеткізілім 27 есеге қысқарып, 2,3 млн кВт/сағат болды.
Қазақстан электр энергиясын шетелден экспортқа сататын бағадан шамамен төрт есе қымбатқа сатып алады. 1 млн кВт/сағат импорттық электр энергиясының орташа бағасы $101,2 мың болса, экспортта бұл көрсеткіш $24,8 мың шамасында. Яғни баға айырмашылығы 4,1 есеге жеткен.
Электр энергиясының ішкі тарифтері де өсім көрсетіп отыр. Биыл шілдеде электр плитасын пайдаланатын халық үшін тарифтер бір жылда 7,2-8%-ға қымбаттаған. Нәтижесінде тұтыну көлеміне қарай 100 кВт/сағат үшін 2 572-ден 4 159 теңгеге дейін төлеуге тура келеді.
Ал электр плитасын пайдаланбайтын тұтынушылар үшін тарифтер 5- 5,4%-ға өскен. Олар 100 кВт/сағат электр энергиясы үшін тұтыну көлеміне қарай 2 509 теңгеден 4 072 теңгеге дейін төлеген.
Ең жоғары тарифтер Алматы мен Қонаев қалаларында тіркелді. Мұнда 100 кВт/сағат электр энергиясының құны 3 210-нан 5 304 теңгеге дейін жетіп, тарифтер 14,3-14,4%- ға өскен. Одан кейін Қостанай облысы тұр. Өңірде тариф 3 289-дан 5 250 теңгеге дейін, яғни 3,6%-ға қымбаттаған. Ал Орал қаласында баға 3 169-дан 5 053 теңгеге дейін өсіп, өсім 19,6-20%- ды құрады.










