Қазақстан әлемдік экономикада өз орнын нығайтып келеді. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) сатып алу қабілеті бойынша $973 млрд-на жетіп, әлемдік рейтингте 36-орынға көтерілді.
Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Юлия Баева бұл көрсеткіш ел экономикасының көлемін ғана емес, жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың, инвестициялық белсенділіктің және цифрлық трансформацияның тиімділігін де көрсететінін атап өтті. Экономиканың сапалы дамуын бағалау үшін бәсекелестік деңгейі, институционалдық орта және бизнес ашықтығы сияқты факторларды да ескеру қажет.
2018 жылдан бері Қазақстан рейтингтегі орнын 45-тен 36-ға дейін жақсартып, бұл өсімге сыртқы экономикалық жағдайдың тұрақтылығы, экспорттық тауарларға жоғары сұраныс, мемлекеттік инвестициялардың артуы және цифрлық технологиялардың дамуы ықпал етті.
Сарапшы ЖІӨ-нің сатып алу қабілеті көрсеткіші негізінен экономиканың сандық өсімін бейнелейтінін ескертеді. Тұрақты әрі технологиялық дамуға көшу үшін экономика әртараптандырылуы, шикізатқа тәуелділік азайтылуы және шикізаттық емес экспорт үлесі арттырылуы тиіс.
Негізгі бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібін, IT-секторды және жоғары қосылған құны бар қызметтерді дамыту, институционалдық ортаны жақсарту, көлеңкелі экономиканы қысқарту, бизнеске деген сенімді арттыру және мемлекеттік басқару сапасын көтеру бар.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан халықаралық капиталды тартуға дайын. Қаржы нарығы, логистика және цифрлық салалардың дамуы күрделі қаржы құралдарына сұранысты арттырып, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуде. Сонымен қатар, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің көпвекторлы әрі прагматикалық сыртқы саясаты Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, халықаралық аренада сенімді серіктес ретінде танылуына ықпал етеді.









