Қазақстанда елордаға көшуді шектеу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы дайындалып жатыр, деп хабарлайды LS.
Үкімет аясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, елордаға көші-қонды шектеу туралы шешім дұрыс деп санайтынын айтты. Министр мұны Астананың әлеуметтік инфрақұрылымы, оның ішінде мектептер, медициналық мекемелер және т.б. дайын емес екендігімен негіздеді.
Министрдің сөзінше, егер жоғары оқу орны мен жұмыс берушілер жатақханалар сияқты тұру жағдайымен қамтамасыз етілсе, оқуға және жұмысқа келушілер үшін шектеулер болмайды.
Сондай-ақ, қысқа мерзімді демалысқа немесе емделуге келгендер шектеулерге тап болмайды.
Дүйсенова әкімдік тиісті заң жобасын дайындап жатқанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада туу деңгейі жоғары және көші-қон ағыны көп екеніне назар аударған болатын.
"Құрылыс қарқыны төмендеген кезде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай проблемалардың алдын алу үшін қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет. Бұл мәселеде, өкінішке орай, елеулі олқылықтар байқалады", - деп тапсырды президент.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жыл сайын Астанаға 50 мыңнан астам жаңа тұрғын келеді, 30 мың бала туады. Күн сайын Талапкер, Қосшы, Қоянды сияқты қала маңындағы елді мекендерден елордаға 150 мың адам қатынайды. Басқа өңірлерден 50 мыңға жуық азамат тіркеусіз жұмыс істейді.
Бұған дейін, LS редакциясы ішкі көші-қон туралы инфографика дайындаған болатын.