Алматыда LRT құрылысы қызу жүріп жатыр. Осыған байланысты бірқатар учаскеде көлік қозғалысы қиындаған. LS редакциясы қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасынан жобаның қай кезеңде екенін және қай жерлерде қозғалысқа шектеу енгізілетінін анықтады.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыдағы LRT желісінің бірінші кезеңі аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаға сәйкес, LRT желісі Алатау ауданындағы Индустриялық аймақта орналасатын деподан басталады. Бағыт Бауыржан Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін созылып, одан әрі Абылай хан даңғылына жетеді. Кейін желі "Алматы-2" теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция "Райымбек батыр" көлік-ауыстырып тиеу торабында орналасады.
Қай учаскелерде құрылыс жүріп жатыр
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары мына учаскелерде жүргізілуде:
Бауыржан Момышұлы көшесінде – Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейін;
Төле би көшесінде – Бауыржан Момышұлы көшесінен Абылай хан даңғылына дейін;
Абылай хан даңғылында – Төле би көшесінен "Алматы-2" теміржол вокзалына дейін.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, құрылыс бірнеше учаскеде қатар жүргізіліп жатқандықтан, көшелердің нақты қай уақытта жабылатынын алдын ала айту мүмкін емес.
"Жол қозғалысына енгізілетін уақытша шектеулер туралы ақпарат алдын ала жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурстарында, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланады", – деп түсіндірді ведомствода.
Сонымен қатар құрылыс барысында жолдар толық емес, кезең-кезеңімен жабылады. Әдетте жолдың бір бөлігі уақытша жабылып, көлік қозғалысы қарама-қарсы бағыттағы жолақ арқылы ұйымдастырылады. Белгілі бір учаскедегі жұмыстар аяқталған соң қозғалыс екінші жаққа ауыстырылады. Басқарма мәліметінше, бұл тәсіл көлік қозғалысына келетін қолайсыздықты барынша азайтуға мүмкіндік береді.
LRT қашан іске қосылады
Алғашқы жылжымалы құрамды сынақтан өткізу 2027 жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Осы кезеңде инженерлік желілерді көшіру, көпірлер мен жерасты өткелдерін күшейту, рельс жолын және аялдама кешендерін салу сияқты негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады.
Бұған дейін, LS редакциясы Алматыда LRT құрылысы аясында 165 ескі электр бағаны бұзылатыны туралы жазған еді.










