Алматы мен Ыстықкөл арасындағы қысқа автожол салу жобасында бірқатар қиындықтар туындап, соның салдарынан жұмыс уақытша тоқтатылды. Бұл туралы LS редакциясының сауалына Көлік министрлігі түсініктеме берді.
Министрліктің дерегінше, қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстыратын "Алматы – Отар – Қордай – Бішкек – Шолпон-Ата" бағытының жалпы ұзындығы 460 шақырымды құрайды.
Осыған байланысты Азия даму банкінің (АДБ) ұсынысы негізінде "Алматы – Ұзынағаш – Кечи-Кемин" автожолының жобасы қарастырылды. Алдын ала есепке сәйкес, жолдың жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Оның 127 шақырымы Қазақстан аумағына, ал 150 шақырымы Қырғызстанға тиесілі. Жоба аясында Қазақстан тарапынан шамамен 80 шақырым жолды жөндеу, Қырғызстанда 6 шақырым учаскені қалпына келтіру жоспарланған.
Екі елдің үкіметаралық кеңесінің өткен отырысында техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) жеделдетіп әзірлеу және құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде ұсыныс берілген.
Азия даму банкі жобаның экономикалық тиімділігін зерделеу үшін гранттық қаржыландыру бөлді. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу кезінде жолдың санаты, ұзындығы мен бағыты, болашақтағы көлік қозғалысының көлемі, тарифтік саясат және басқа да негізгі көрсеткіштер екі елдің заңнамалық талаптарына сәйкес қарастырылды.
"Ұсынылып отырған жоба таулы аймақта (теңіз деңгейінен шамамен 1,5 мың метр биіктікте) өтетіндіктен, қыс мезгілінде оны пайдалану барысында бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты жобаның экономикалық тиімділігі төмен деп бағаланған. Бюджеттік мүмкіндіктердің шектеулі екенін және басым инфрақұрылымдық жобаларға ресурстарды шоғырландыру қажеттігін ескере отырып, жобаны одан әрі әзірлеу уақытша тоқтатылды", – делінген министрлік түсініктемесінде.
Бұған дейін, LS редакциясы Алматыдан Ыстықкөлге дейін жаңа автожол салу жоспарланғанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы жобаның құны 160 млн доллардан асатынын, ал жолдың ұзындығы шамамен 85 шақырым болатынын айтқан.









