LS тілшілері Қазақстан экономикасы мен теңге бағамының жақын арада қалай өзгеретінін білді.
Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуровтың пайымдауынша, қазіргі уақытта әлем елдері экономиканы қайта қалпына келтіру траекториясында. Онын сөзінше, әлемде экономикалық белсенділікті арттырудың драйвері болып өнеркәсіп қала береді, бұл ретте қызмет көрсету саласы сақталып отырған шектеулерге байланысты қиындықтарды бастан кешіруде.
"Қазақстандық бизнестің санитарлық талаптарға бейімделуі басталған вакцинациямен бірге 2020 жылдың көктемімен салыстырғанда шектеу шараларын жеңілдету үшін алғышарттар жасады. Бұл фактор 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы іскерлік белсенділікті аз дәрежеде тежейтін болады. Салықтық-бюджеттік ынталандыру шаралары экономикаға қолдау көрсетуді жалғастырады. Сонымен бірге, ақша-несие саясаты биыл инфляцияға қарсы тәуекелдер мен экономикалық белсенділіктің әлсіреу қаупінің тепе – теңдігін сақтауға бағытталады", - деді ол.
Осыған байланысты ЕАДБ-да Қазақстан экономикасының өсімі II тоқсанда оң аймаққа шығады және жыл қорытындысы бойынша 4%-ды құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта инфляция өткен жылы теңгенің әлсіреуі және азық-түлікке әлемдік бағаның өсуі әсерінен қалыптасуды жалғастырады.
"І жартыжылдықтың соңында ұлттық валюта бағамы $1 үшін шамамен 420 теңге деңгейінде болады деп болжанады. Екінші жартыжылдықта теңге әлемдік тауар-шикізат нарықтарындағы қолайлы конъюнктура тарапынан қолдау алады. Ресейлік рубльге қатысты баға белгілеулер шамамен 5,7 болады деп болжануда. Сонымен бірге, экономиканың қалпына келуіне қарай салықтық-бюджеттік ынталандырудың біртіндеп қысқаруы теңдестірілген ақша-несие саясатымен үйлесімде экономиканың тұрақты өсу траекториясына оралу серпінін шектемей, инфляцияны бәсеңдетуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Винокуров.
Өз кезегінде AERC консалтингтік қызметтерінің басшысы Әсем Құсайынова 2021 жылы нақты ЖІӨ-нің өсу қарқыны 4,8%-ды құрайды деп күтуде. Қалпына келтірудің негізгі драйверлері ретінде пандемия кезінде ең аз зардап шеккен секторлар болмақ. Олар – өңдеу өнеркәсібі және құрылыс.
"Биылғы жылы орташа жылдық тұтыну инфляциясы өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға жетеді. Бұл теңгенің долларға қатысты бағамының әлсіреуі туралы болжамға және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде сақтау туралы шешіміне негізделеді. Теңге бағамының қалыптасуы мұнай бағасына, коронавирустық жағдайға және әлемдегі вакцинацияны қамту деңгейіне байланысты болмақ. Біздің болжамымыз бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 432,8 бірлік деңгейінде қалыптасады", - деп түйіндеді ол.
Бұған дейін LS Қазақстан экономикасын алдағы екі жылда Ұлттық банктің болжамы бойынша не күтетіні туралы жазған болатын.