Жаңа талап: 50 мың теңгеден жоғары төлемдер тексерілуі мүмкін

сегодня

Қазақстанда дропперлікпен күресу мақсатында жастардың ақша аударымдарына жаңа талап енгізу ұсынылды, деп хабарлайды LS.

Мәжіліс депутаты Дидарбек Ділдәбек 14 пен 22 жас аралығындағы жастардың ақша аударымдарына биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл жастарды дропперлікке тартудан қорғауға бағытталған.

"14 пен 22 жас аралығындағы жастардың 50 мың теңгеден асатын ақша аударымдарын биометрия арқылы растау ұсынылады. Сондай-ақ, студенттердің ақша үшін банк шоттарын басқа адамдарға беруі мен күдікті операцияларға араласуын ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасу қажет. Өз міндеттерін тиісінше орындамаған банктердің жауапкершілігін де қарастыру ұсынылады",- деді ол.

Сонымен қатар Д. Ділдәбек әлеуметтік жағдайы төмен жастарды цифрлық отбасы картасы арқылы анықтап, оларға нақты көмек көрсетуді ұсынды. Мысалы, мұқтаж колледж студенттеріне тегін тамақ беру, киім алуға ваучер ұсыну және күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды алға тартты.

"Оқу жылының басында студенттерге ақша ұсынып, банк шоттарын ашуға және оларды басқа адамдарға беруге тартатын жағдайлар бар. Жастар оңай ақша табу үшін шоттарын "жалға береді". Бірақ мұндай шоттар заңсыз ақша аударымдарына пайдаланылуы мүмкін, ал шот иесі бұл үшін жауапқа тартылуы ықтимал.Сондықтан құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім беру салаларының бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Бұл қылмыстық схемаларды дер кезінде анықтауға, заңсыз ақша айналымын тоқтатуға және тәуекел тобындағы жастарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді", - деді Д. Ділдәбек.

Оның айтуынша, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстарына тартылу және банк шоттарын басқа адамдарға берудің қауіптілігі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

"Жастардың заңды түрде ақша табуына мүмкіндік жасау және қажет кезде оларға әлеуметтік қолдау көрсету- олардың қылмысқа араласуының алдын алудың маңызды жолы. Статистикаға сәйкес, 2026 жылғы маусымның басында дропперлікке қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша күдікке ілінген 214 адамның 159-ы 18-29 жас аралығындағы жастар. Олардың 140-ы қылмыс жасаған кезде жұмыссыз болған. Бұл жастар арасында мұндай қылмыстардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін көрсетеді", - деп есептейді депутат.

Сондай-ақ, ол Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі мәліметтерін келтірді. Жыл басынан бері қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қатысы бар 33 дропперлік топтың жұмысы тоқтатылған. Бұл топтардың шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден асатын заңсыз операциялар жүргізілген.

Бұған дейін, депутат Юрий Ли қазақстандықтарды түрлі жобаларға ақша салуға шақыратын шетелдік компаниялардың жарнамасын тексеруді ұсынған. Оның айтуынша, мұндай компаниялардың кейбірі төлемдерді дропперлердің карталары арқылы қабылдайды.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.