Зейнетақы шектері қайта қаралады

сегодня

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін қажетті жеткіліктілік шектері алдағы 10 күн ішінде жарияланады. Бұл туралы LS-ке еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

"Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу тәсілі жаңартылды. Бұған дейін қолданылған формула тоғыз түрлі көрсеткішке негізделсе, енді олардың саны беске дейін қысқартылды. Жаңа әдістемеде жылдық инвестициялық табыстылықтың 9 пайыздық мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемдерді индекстеу деңгейі және басқа да негізгі факторлар ескеріледі. Осы өзгерістерге сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 20 мен 63 жас аралығындағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегін қайта есептейтін болады",- деді министр.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта министрлік бұл есептеулердің қорытындысын әлі алған жоқ.

"Қазір бұл жұмысты БЖЗҚ жүргізіп жатыр. Алдағы 10 күн ішінде барлық есептеулер дайындалып, ресми сайттарда жарияланады. Азаматтардың жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі сақталады. Егер олардың шотындағы қаражат жеткіліктілік шегінен асып тұрса, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсай алады. Дегенмен, зейнетақы қорының негізгі мақсаты-  қаражат жинақтау екенін ұмытпауымыз керек. Бұл қаражат азаматтардың зейнет жасына жеткенде пайдалануы үшін сақталады",- деді А. Ертаев.

Министр пандемия кезінде азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілгенін еске салды. Оның айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығындағы жағдай тұрақталған.

Сондай-ақ, министр Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалау мәселесі қаралып жатқанын айтты.

"Қазір жұмыс тобы үш түрлі жобаны талқылап жатыр. Оның бірі- екі қор моделіне көшу бастамасы. Сонымен қатар БЖЗҚ ұсынған "4+1" жобасы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сақтандыру зейнетақысына қатысты ұсыныстары қарастырылуда. Бұдан бөлек, сенатор Амангелді Нұғмановтың азаматтарға 40 жыл еңбек өтілі болған жағдайда зейнетке шығуға мүмкіндік беру туралы бастамасы да талқыланып жатыр. Зейнетақы реформасына қатысты нақты шешімдер осы айдың соңында жарияланады",- деді министр.

Бұған дейін, қазақстандықтардың биылғы жылдың басынан бері БЖЗҚ жинақтарының 159,22 млрд теңгесін сақтандыру ұйымдарына аударғаны хабарланған болатын.

Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі өзгертілді. Бұл көрсеткіш азаматтардың БЖЗҚ-дағы қаражатын тұрғын үй сатып алу немесе емделу мақсатында пайдалану мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.