Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЗЖҚ) қаражатын мерзімінен бұрын алуға қатысты жеткіліктілік шектерін қайта қарау көзделіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі LS агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, қолданыстағы ең төменгі жеткіліктілік шектері (ЕТЖШ) және оларды есептеу әдістемесі ұзақ мерзімде өз функциясын толық орындамай отыр.
Сарапшылардың пікірінше, зейнетақы жинақтарының мерзімінен бұрын азаюы азаматтардың қартайған кездегі табыс деңгейіне кері әсер етіп, өмір сүру сапасының төмендеуіне себеп болуы мүмкін.
"Мұндай жағдайда зейнетақы төлемдері дәрі-дәрмек, сапалы азық-түлік пен коммуналдық қызметтер сияқты күнделікті негізгі шығындарды толық жаба алмауы мүмкін. Осы тәуекелдердің алдын алып, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін жеткіліктілік шектерін айқындау әдістемесін қайта қарау қажеттігі туындап отыр", – деп түсіндірді Ұлттық банк өкілдері.
Қазіргі таңда бұл мәселе үкімет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Ұлттық банкі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЗЖҚ) және өзге де мүдделі құрылымдардың қатысуымен талқылануда. Талқылау барысында актуарлық есептеулер негізге алынған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2021 жылдың ақпанынан бері қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан мерзімінен бұрын шамамен 5,7 трлн теңге шешіп алған.
Айта кетейік, 2026 жылы ең төменгі жеткіліктілік шектері 10 пайызға ұлғайтылды. 10 ақпанда өткен үкімет отырысында Тимур Сүлейменов алмастыру коэффициентін көтеру және зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу талаптарын күшейту қажеттігін атап өткен еді.
Бұған дейін, Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЗЖҚ) қаражатын мерзімінен бұрын алуға толық тыйым салу бастамасы көтерілген болатын. Алайда Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов мұндай шешім жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына кері ықпал етуі мүмкін екенін алға тартты.
Өткен жылы зейнетақы жинақтарының артылған бөлігін стоматологиялық және офтальмологиялық қызметтерге жұмсауға шектеу қойылды. Қаржылық мониторинг агенттігі дерегінше, кейбір азаматтар жалған стоматологиялық қызметтерді рәсімдеу арқылы БЗЖҚ-дан шамамен 200 млрд теңге шешіп алған.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу көлемінің артуы тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуін жеделдетіп отырғанын атап өтеді.










