Ұлттық банк зейнеткерлерді несиелік алаяқтықтан қорғаудың қосымша тетіктерін қарастырады, деп хабарлайды LS.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, зейнеткерлерді алаяқтардан қорғау үшін несие рәсімдеу кезінде банк бөлімшесіне жеке келу міндеттелген.
"Мұндай жағдайда жауапкершілік банк менеджеріне жүктеледі. Егер ол зейнеткердің өз еркімен әрекет етпей тұрғанын, бөтен адамның ықпалында екенін немесе не үшін несие рәсімдеп жатқанын түсінбейтінін байқаса, банк несие беруден бас тартуы тиіс. Бұл талаптың орындалуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды. Сонымен қатар осал санаттағы азаматтарды қорғауға бағытталған қосымша жүйелі шаралар да қарастырылмақ",- деді ол.
Бұған дейін, депутаттар жалған брокерлер мен заңсыз қаржы схемаларына қарсы күресті күшейтуді ұсынған болатын. Сондай-ақ Ұлттық банк алаяқтықпен күреске ұялы байланыс операторларын тартқанын хабарлаған еді.










