Қазақстанда нақты жалақы төмендеп барады, деп хабарлайды LS.
2026 жылдың II тоқсанында елде орташа айлық атаулы жалақы 486,4 мың теңгені құрады. Бір жыл ішінде көрсеткіш 8,4%-ға өскен. Алайда инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы 1,8%-ға төмендеген.
Салалар арасында жалақы ең көп компьютерлерді, жеке заттар мен тұрмыстық тауарларды жөндеу қызметінде өскен. Бұл салада жалақы 28,4%-ға артса, инфляцияны есептегенде нақты өсім 16,3% болды. Ауыл, орман және балық шаруашылығында жалақы 17,5%-ға, ал нақты жалақы 6,4%-ға өсті.
Қаржы және сақтандыру саласында жалақы 16%-ға өсті. Инфляцияны есептегенде, нақты өсім 5,1%-ды құрады. Құрылыста жалақы 16,9%-ға, ал нақты жалақы 5,9%-ға көтерілді.
Сонымен қатар нақты жалақы жылжымайтын мүлік саласында 1,8%-ға, көтерме және бөлшек сауда мен автомобиль және мотоцикл жөндеу саласында 1,5%-ға, ал өнеркәсіпте 0,9%-ға өсті.
Ал кейбір салаларда нақты жалақы төмендеген. Тұру және тамақтану қызметтерінде жалақы 2,4%-ға, ақпарат және байланыс саласында 6%-ға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 5%-ға, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында 1%-ға, ал білім беруде 6,5%-ға азайды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында жалақы 6,1%-ға өскен. Алайда инфляцияны ескергенде, нақты жалақы 3,9%-ға төмендеді. Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жалақы 3,4%-ға артқанымен, нақты жалақы 6,3%-ға қысқарды.
Өңірлер бойынша атаулы жалақы ең көп Ақмола облысында –10,7%-ға өскен. Абай облысында өсім 10,6%, Солтүстік Қазақстан облысында – 9,5%, Павлодар облысында – 9,4% болды. Қарағанды облысында жалақы 8,8%-ға, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында 8,7%-ға артқан.
Алайда бір жылда нақты жалақы тек Абай облысы мен Алматы қаласында өскен – тиісінше 0,3% және 0,8%. Басқа өңірлерде көрсеткіш төмендеді. Ең қатты төмендеу Алматы облысында –7%, Ұлытау облысында – 6,6% және Түркістан облысында – 5,1% байқалды.
Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда Қазақстанда орташа айлық атаулы жалақы 5,4%-ға, ал нақты жалақы 3%-ға өсті. Салалар ішінде нақты жалақы ең көп білім беруде – 19,6%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 19,3%-ға артқан.
Ал өнеркәсіпте нақты жалақы 5,5%-ға, ақпарат және байланыс саласында 5,9%-ға, мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында 5%-ға, көлік және қоймалау саласында 4,5%-ға төмендеді.
Медианалық жалақы 2026 жылдың II тоқсанында 348,4 мың теңгені құрады.
Бұған дейін, LS редакциясы Ұлттық экономика министрлігі халықтың нақты табысын арттыруға арналған төрт жылдық жоспар әзірлегенін жазған болатын.
Анықтама
Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы есептелген жалпы жалақы сомасын қызметкерлер саны мен есепті кезеңдегі ай санына бөлу арқылы анықталады. Нақты жалақы атаулы жалақы индексін тауарлар мен қызметтердің тұтыну бағалары индексіне бөлу арқылы есептеледі. Екі көрсеткіш те бір кезеңдегі деректер негізінде анықталады.
Медианалық жалақы – қызметкерлердің жалақысы бойынша ортадағы көрсеткіш. Яғни қызметкерлердің 50%-ы одан аз, ал қалған 50%-ы одан көп жалақы алады. Мысалы, 20 қызметкердің 10-ы 200 мың теңгеге дейін, ал қалған 10-ы 200 мың теңгеден жоғары жалақы алса, медианалық жалақы 200 мың теңге болады.









