Шымкентте жалпы құны 85 млрд теңге болатын екі жоба іске асырылады. Бұл туралы LS-ке қала әкімдігінде хабарлады.
Редакцияның сұрауына жауап ретінде екі нысан "Жұлдыз" индустриялық аймағының аумағында жұмыс істейтіні белгілі болды.
Мегаполисте бутан-бутилен фракциясы негізінде алкилат және пропан-пропилен фракциясы негізінде полипропилен өндірісін енгізу жоспарланған. Әкімдіктің мәліметінше, жобаға 75-80 млрд теңге қаражат кетуі мүмкін. Индустриялық аймақ аумағында ауданы 30 га жер учаскесі ұсынылды.
Сондай-ақ, қалада 500 млн теңгеге мұнай бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жарату зауытын ашу жоспарлануда. Жоба 2 га алаңда іске асырылатын болады.
Айта кетейік, 2021 жылы Шымкентте 11 млрд теңгеге метил-терт-бутил эфирінің өндірісі басталған еді. Ол "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағының аумағында іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 80 мың тонна өнімді құрайды. 140 жұмыс орны құрылды. Өнімнің 90%-зы ішкі нарықта сатылады.
LS редакциясы бұған дейін, қалада кондитерлік зауыт іске қосылатынын жазған болатын. Жоба "Бозарық" тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағы аумағында іске асырылады. Инвесторы – Түркиялық компания.