Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BNPL (бөліп төлеу) қызметін реттеуге арналған заңнамалық түзетулер әзірледі. Жаңа өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды LS.
Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында өткен сарапшылар кездесуінде мәлім болды.
Сауданың цифрлануы электронды коммерцияның қарқынды дамуына жол ашты. Нәтижесінде 2025 жылы Қазақстандағы онлайн бөлшек сауда көлемі 3,77 трлн теңгені құрады.
Сарапшылардың айтуынша, ірі цифрлық платформалар мен маркетплейстердің қызмет аясы кеңейіп, олар біртіндеп қаржылық экожүйенің бір бөлігіне айналып келеді. Осыған байланысты аталған нарықты реттеу қажеттілігі арта түскен.
Жаңа түзетулерге сәйкес, сатып алуды үшінші тарап қаржыландырған жағдайда, ол банк мәртебесіне ие болмаса да, тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алады.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, маркетплейстерді реттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, жасырын комиссиялардың енгізілуіне жол бермеуге және тәуекелдердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал осы салаға ортақ талаптарды сауда және интеграция министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп әзірлейді.
Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банк қарыз алушылардың борыштық жүктемесіне жаңа шектеу енгізеді. Соған сәйкес, азаматтың барлық несие бойынша жалпы берешегі оның жылдық табысынан сегіз еседен аспауы тиіс.
BNPL (Buy Now, Pay Later) – тауарды қазір сатып алып, оның құнын кейін толық немесе бөліп, қосымша пайызсыз төлеуге мүмкіндік беретін төлем әдісі.










