2027 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Үкімет жаңа талаптарды бекітті, деп хабарлайды LS.
Негізгі өзгеріс – бірқатар жәрдемақы азаматтың немесе отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау нәтижесіне қарай, яғни мұқтаждық қағидаты бойынша тағайындалады. Бұл ретте әлеуметтік әл-ауқаты жоғары А және В санаттарына жатқызылған азаматтарға мұндай төлемдер берілмейді.
Айта кетейік, 4 шілдеден бастап еңбек министрлігі отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесіне өзгерістер енгізді.
Жаңа тәртіп бала тууына және оның күтіміне байланысты төлемдерге, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға, мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты төлемдерге қатысты болады. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдар мен мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына берілетін жәрдемақылар да қамтылады.
Құжатта барлығы 10 түрлі жәрдемақы қарастырылған. Жаңа талап жерлеуге берілетін біржолғы төлемге де қатысты болады.
Алайда кейбір төлемдерді тағайындау кезінде азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты бағаланбайды. Мысалы, "Алтын алқа", "Күміс алқа" және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған, жасына байланысты зейнетақы алатын көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыға бұл талап қолданылмайды.
Сондай-ақ, балаларға, I және İİ топтағы мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындаудың жекелеген жағдайларында, ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға және арнайы мемлекеттік жәрдемақының кейбір алушыларына әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүргізілмейді.
Тағы бір маңызды өзгеріс- жәрдемақы алу үшін отбасының кәмелетке толған мүшелері жеке деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім беруі қажет. Бұл ретте банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпарат қамтылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, мемлекет кредиттік бюродан азаматтың несие берешегі, ай сайынғы төлемі, мерзімі өткен және өтелмеген қарызы туралы ақпарат ала алады. Бұл деректер отбасының әлеуметтік жағдайын объективті бағалау үшін пайдаланылады.
Егер бағалау нәтижесінде жәрдемақы алушы әлеуметтік әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты санатқа жатқызылса, төлем уақытша тоқтатылады.
Ал азамат немесе отбасы ай сайынғы бағалау қорытындысы бойынша қайтадан қанағаттанарлық, экономикалық тұрғыдан осал не экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттардың біріне жатқызылса, жәрдемақы қайта тағайындалады.
Қажетті деректерді өңдеуге келісім бермеу де жәрдемақы төлемін тоқтатуға негіз болады.
Сонымен қатар қаулыда жәрдемақы төлемін тоқтата тұрудың өзге де негіздері қарастырылған. Соның бірі- алушының банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы шығыс операцияларының болмауы. Бұл талап бала күтіміне байланысты, көпбалалы отбасыларға және көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыларға, мүгедектік бойынша төлемдерге және басқа да бірқатар мемлекеттік қолдау түріне қатысты.
Сондай- ақ, алушы Қазақстаннан тұрақты тұру үшін шетелге көшсе, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатса, толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынса немесе хабар- ошарсыз кеткен деп танылса, жәрдемақы төлемі тоқтатылуы мүмкін. Бұған басқа да заңда көзделген жағдайлар негіз болады.
Бұл ретте кейбір жәрдемақылар бойынша төлемді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылғаннан кейін оны қайта бастауға болады. Ол үшін жекелеген жағдайларда өтініш пен растайтын құжаттар немесе цифрлық жүйелердегі тиісті мәліметтер қажет.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап халықтың әлеуметтік жағдайы 5 деңгей бойынша бағаланады. Олар: жағдайы жақсы (А), қанағаттанарлық (В), қанағаттанарлықсыз (С), дағдарысты (D) және шұғыл көмек қажет ететін (Е) санаттар.
Бұған дейін, сарапшы қандай азаматтардың мемлекеттік қолдаудан қағылуы мүмкін екенін түсіндірген болатын. Ал ведомство LS редакциясының сауалына берген жауабында отбасының әлеуметтік жағдайын бағалайтын скорингтік модель әлеуметтік төлемдерге бөлінетін бюджет қаражатын қысқарту үшін қолданылмайтынын мәлімдеді.









