Ұлытау облысында инвестор жарты жыл бойы инфрақұрылымға қол жеткізе алмаған, деп хабарлайды LS.
Бас прокуратура дерегіне сәйкес, Ашыктас кен орнында бағалы металдар өндіру жобасын іске асырып жатқан компания (жобаның құны – 11,2 млрд теңге) әкімшілік тосқауылдарға тап болған.
"2025 жылдың қазанынан бастап шамамен жарты жыл ішінде инвестор қажетті рұқсат құжаттарын ала алмады. Атап айтқанда, санитарлық-қорғау аймағы жобасының жоқтығы ұңғымаға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден бас тартуға себеп болған. Соның салдарынан нысанды пайдалануға және инфрақұрылымға қосылуға елеулі шектеу қойылды",– делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, қадағалаушы органның араласуынан кейін мәселе 2026 жылы 20 күннің ішінде шешімін тапқан.
Қазір инвестор барлық қажетті рұқсат құжаттарын алған. Кәсіпорын ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Өндірісте шамамен 700 адам еңбек етеді.
Бұған дейін, Ұлытау облысында Қытай инвесторына 36 млрд теңгелік жел станциясын ашу үшін жер рәсімдеуде де қиындық болған.










