Түркия қазақстандық тауарларды көбірек сатып ала бастады, деп хабарлайды LS.
2026 жылдың қаңтар- шілде айларында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы $4,7 млрд-ға жетіп, бір жылда 1,6 есе өсті.
Тауар экспорты 5 млн тоннаға дейін ұлғайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсім. Ақшалай түсім 1,9 есе көбейіп, $3,9 млрд-ға жетті.
Түркияға экспортталған негізгі тауарлардың қатарында 2,4 млн тонна мұнай мен мұнай өнімдері, 2 млн тонна көмір және одан өндірілетін отын, 159,8 мың тонна мыс пен мыс қорытпалары бар. Бұл өнімдердің экспорты сәйкесінше 1,7, және 1,5 есе артты. Мыс пен мыс қорытпаларын сатудан $2 млрд түскен.
Бұдан бөлек, өңделмеген алюминий мен мырыш экспорты 4,7 есе артып, 73,4 мың тоннаға жетсе, сұйытылған пропан мен бутан жеткізілімі екі есеге өсіп, 33,9 мың тоннаны құрады.
Жасымық экспорты 6%-ға артып, 80,4 мың тонна болды. Электр қозғалтқыштары мен генераторлар 3,5 есе көп экспортталып, 95 данаға жетті. Бидай клейковинасының экспорты да 4,2 есе өсіп, 840 тоннаны құрады.
Ал пропилен полимерлерінің экспорты 1,6 есе азайып, 37,3 мың тоннаны құрады. Мақта талшығының экспорты да 1,9 есе төмендеп, 4,9 мың тоннаға жетті.
Импортқа келсек, оның көлемі заттай есептегенде 12,4%-ға төмендеп, 154,2 мың тоннаны құрады. Ал ақшалай мәнде импорт 6,5%-ға қысқарып, $815,8 млн-ға жетті.
Түркиядан келетін киім мен аксессуарлар көлемі 1,9 есе азайып, 3,1 мың тонна болды. Кондитерлік өнімдер мен шоколад 19,6%-ға аз импортталып, 4 мың тоннаны құрады. Кілем жеткізілімі 14,9%-ға қысқарып, 3,3 млн шаршы метрге түсті. Ал балмұздақ импорты 6,3%-ға азайып, 565,4 тоннаны құрады.
Сонымен қатар күнбағыс тұқымының импорты 33%-ға көбейіп, 3,2 мың тонна болды. Ал сабын, тазалағыш және жуғыш заттардың импорты 18 мың тоннаға жетіп, 33%-ға өсті.
Бұдан бөлек, Түркиядан 37,3 млн дана инкубациялық жұмыртқа әкелінді. Оның көлемі 6%-ға өскен. Фармацевтикалық өнімдер импорты 4,2%-ға артып, 968,5 тоннаға, ал жылыту радиаторлары 2,7 есе өсіп, 454,4 тоннаға жетті.








