Қазақстанда фермерлерге арналған салықтық жеңілдіктер жеткілікті деңгейде қарастырылған. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин LS агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Бұған дейін, мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері үшін жеке табыс салығын (ЖТС) төмендетуді ұсынған болатын. Алайда бұл бастама үкімет тарапынан қолдау таппады.
Серік Жұманғарин атап өткендей, қолданыстағы салық заңнамасында ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жеке тұлғалар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің салық жүктемесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар тетіктер қарастырылған.
"Шаруа және фермер қожалықтары үшін жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемесі табыстың 0,5%-ы деңгейінде белгіленген. Ал жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сатудан түскен табыс жылына 282 АЕК-ке дейін (шамамен 1,2 млн теңге) салықтан босатылады. Бұл жеңілдік өнімді дайындаушы ұйымдар, кооперативтер, қайта өңдеу кәсіпорындары немесе нарықтар арқылы өткізілген жағдайда ғана қолданылады", – деді министр.
Ол сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арнайы салық режимі жойылғанына қарамастан, негізгі жеңілдіктер сақталғанын айтты: корпоративтік табыс салығы (КТС) – 3%, әлеуметтік салық – 1,8%, ал мүлік пен көлік салығы 70%-ға қысқартылған.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша өндірушілерге, қайта өңдеушілерге және кооперативтерге қосымша салық сомасын есепке алу мүмкіндігі берілген. Бұл ретте жеңілдік мөлшері 70%-дан 80%-ға дейін арттырылған.
Министрдің айтуынша, 2026- 2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Бұл құжат сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды қамтиды. Атап айтқанда, бақташылар мен шопандардың жұмыс орындарын субсидиялау және оларды зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер тізіміне енгізу мәселесі қарастырылып отыр.
Жалпы болжам бойынша, 2030 жылға дейін еңбек нарығында 883 мың маманға сұраныс қалыптасады. Оның ішінде 63 мың адам (7%) агроөнеркәсіптік кешен саласына тиесілі.
Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарынан бастап елде жаңа Салық кодексі күшіне енді.










