Қазақстанда күріш тапшылығы алынып тасталмақ, ал оны экспорттауға шектеу жақын арада қарастырылмайды. Бұл туралы LS-ке ауыл шаруашылығы министрлігінде хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, қазір еліміздегі күріш қоры 28,4 мың тоннаны құрайды, ал айлық қажеттілік 7,9 мың тонна.
"Қыркүйектен қазанға дейін шамамен 500 мың тонна көлемінде күріш жинау күтілуде, бұл шамамен 250 мың тонна күріш жармасын алуға мүмкіндік береді. Бұл көлем ішкі қажеттілікті жабу үшін де, белгілі бір көлемді экспортқа жөнелту үшін де жеткілікті", - деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Бұл ретте, Ұлттық статистика бюросы мен мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан $22,3 млн сомасына 49,5 мың тонна күрішті шетелге экспорттаған.
Ең көп көлемдер Ресейге (22 мың тонна), Тәжікстанға (7,9 мың т), Украинаға (5,7 мың т), Әзірбайжанға (4,4 мың т), Түркіменстанға (3,3 мың т), Беларуське (1,6 мың т), Өзбекстанға (1,5 мың т) және Моңғолияға (1,2 мың тонна) жөнелтілді).
Сонымен қатар Қазақстанға шетелден $3,5 млн сомасына 4,9 мың тонна күріш, оның ішінде Ресейден – 2,7 мың тонна, Үндістаннан – 1,2 мың т, Пәкістаннан – 807,7 тонна әкелінді.
"Ағымдағы жағдайды талдай отырып, жоғарыда айтылған фактілерді ескере отырып, сондай-ақ, күріш жинаудың басталуымен ішкі нарықта күріштің жетіспеушілігі жоққа шығарылады. Жақын арадағы перспективада күріш экспортына шектеу енгізу ұсынылмайды", - деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Олар күріш егетін аймақтарда егін жинау тамыздың үшінші онкүндігінен басталады деп қосты.
Аталған ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңына келетін болсақ, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы ол 87,9 мың гектарды құрады, Қызылорда облысында – 78,6 мың га, Алматы облысында – 6,8 мың тонна, Түркістан облысында –1,5 мың тонна, Жетісу облысында – 957 тонна.
2021 жылмен салыстырғанда егіс алқабы 8,5 мың гектарға азайды, Ауыл шаруашылығы министрлігінде осыған байланысты биыл өндірілген күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмен болады деп болжануда. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Қазақстанда осы өнімнің 503,8 мың тоннасы жиналды.
"Күріш алқаптарының қысқаруының негізгі себебі егіс алқаптарын вегетациялық кезеңде қажетті суармалы сумен қамтамасыз етуде орын алған проблема болып табылады. Күріш егісінің қысқаруына қарамастан, министрлік елді күрішпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша алаңдаушылық жоқ", - деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Күріш қоры туралы айта отырып, министрлік Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгінді. Мәселен, 2022 жылдың басында елімізде 316,4 мың тонна тазартылмаған күріш, оның ішінде азық-түлікке – 289,6 мың тонна, тұқымға – 26,8 мың т болды. Ал 1 тамыздағы жағдай бойынша қорлар 36,6 мың тоннаны құрады: азық-түлікке – 35 мың тонна, тұқымға – 1,6 мың т.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі халықтың күріш жармасына жалпы жыл сайынғы қажеттілігі бір адамға 8,4 кг есебінен 160,6 мың тоннаны құрайды деп қосты. Министрлікте 2016 жылы Ұлттық экономика министрлігі бекіткен өнімдерді тұтыну нормаларына сілтеме жасады.
"Министрлік қолда бар және өндірілген тазартылмаған күріштің көлемі халықтың жаңа өнім жинауға дейінгі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады деп санайды", -деп түйіндеді ауыл шаруашылығы министрлігінде.