Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы кедендік баж мөлшерлемелерін қайта қарау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы LS тілшісіне қаржы министрлігінде мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, бұл мәселе бұған дейін Қазақстанның бастамасымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) отырысында қаралған. Сол кезде мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында әкелінетін кедендік баж түсімдерін бөлу нормативтерін есептеу әдістемесін әзірлеу жөнінде тапсырма беріліп, сондай-ақ, оны қайта қарау жоспарын дайындау көзделген.
Жоспарды жүзеге асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құрды. Қазақстан атынан оған ұлттық экономика, қаржы, сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері енгізілген.
Жұмыс топтарының отырыстарында әдістеменің әртүрлі нұсқалары мен бөлу нормативтерін есептеу тәсілдері қарастырылуда. Сондай-ақ, осы тәсілдер негізінде тиісті есептеулер жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта кедендік баждарды бөлу үлесін алдын ала нақтылау ерте, себебі ол құжаттың түпкілікті нұсқасының таңдалуына және бекітілуіне байланысты. Жұмыс тобының келесі отырысы 2026 жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланған", – деп хабарлады қаржы министрлігінде.
Еске сала кетейік, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында әкелінетін кедендік баж түсімдерін бөлу қазіргі қолданыстағы нормативтерге сәйкес былай белгіленген: Қазақстан – 6,955%, Қырғызстан – 1,9%, Армения – 1,22%, Беларусь – 4,86%, Ресей – 85,065%.










